Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетіне – 25 жыл

1858

Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің құрылғанына ширек ғасыр өтті. Ел тәуелсіздігін алған күндерден бері жұмыс жасап келе жатқан жоғары оқу орны күні кеше 25 жылдық мерейтойын атап өтті. Салтанатты жиынға шетелден де қонақтар келген.

Университет президенті Мадияр Юнусов қуанышты күнге орай пайдалануға берілген заманауи спорт кешенінің қызыл лентасын қиды. Одан кейін қазіргі заман талаптарына сай жабдықталған ғимаратты салуға бір жыл уақыт жұмсалған. Ашылу салтанатында студенттер жаңа кешеннің алаңында алғаш рет футбол ойнады.

Мұрат Жарқынбеков, ОҚПУ ректоры: «Біздің негізгі мақсатымыз – студенттерімізге барлық жағдайды жасау. Сол үшін университетіміздің материалдық, техникалық және білім базасын дамыту үшін барлық күшімізді жұмсап жатырмыз. Соның бірі – осы спорт кешені. Және біздің университетімізді бітірушілері еңбек нарығында мықты маман боп шығуы да басты мақсатымыз.»

Мерекелік іс-шара халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға ұласты. Конференцияға облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков қатысты. Жиналған қауым ең алдымен осы жоғары оқу орнының алғашқы президенті Бақтияр Юнусовты бір минут үнсіздікпен еске алды. Одан кейін университеттің үздік оқытушылары облыс әкімінің арнайы мақтау хатымен марапатталды.

«Заманауи бәсекелестіктегі жоғары білім беру және дамытудың мәселелері мен перспективалары» атты конференцияға алыс-жақын шетелден келген 100-ден аса ғалым қатысты. Жиында болашақ мамандарды педагогикалық және психологиялық тұрғыдан даярлау мәселелері бойынша ғылыми зерттеу жұмыстары баяндалды.

Майкл Робен, Барселона университетінің оқытушысы, Испания: «Қазақстанға алғаш рет келіп отырмын. Бізді Қазақстанның білім беру жүйесінің қандай екені қызықтырады. Және мұндағы университеттердің оқыту тәсілі қалай екенін зерттеп жүрміз. Осы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетімен біздің Барселона университеті арасында студенттер алмасу жөнінде келісім-шарт жасаспақпыз.»

Конференция барысында шетелден келген қонақтарға қазақтың ұлттық тағамдары мен қолөнер бұйымдары да ұсынылды. Айта кетейік, 40 педагогикалық мамандық бойынша кадр дайындайтын университетте қазір 5500 студент біліп алуда. Тәуелсіздікпен қатар жасасып келе жатқан жоғары оқу орнының сүбелі жетістіктері де көп.

Жанерке Хұмар