Арыста шегірткеге қарсы дәрілеу басталды

761

Арыс қаласы бойынша зиянкес шегірткелерге қарсы іс-шаралар қызу жүруде. Шегірткелер былтырғыдай бой бермей кетпес үшін мамандар оларды қанаттанбай тұрып жойып жіберудің әрекетіне кірісті. Осы орайда Арыс қаласы мен Ордабасы ауданы шектесетін Дермене ауыл округі аймағына жақын Батыр ата ауыл округінде Арыс қаласының әкімі М.Қадырбек пен Ордабасы ауданының әкімі А.Мамытбеков, ауыл шаруашылығы саласының мамандары және ауыл тұрғындарының қатысуымен шегірткеге қарсы күресті сапалы жүргізу мақсатында жиын өтті.

Сонымен қатар Қожатоғай ауыл округіне қарасты аумақта Арыс қаласының әкімі М.Қадырбек пен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы С.Тұрбеков, Арыс ауданының прокуроры Н.Қосбаев, қалалық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Е.Әбдіқұлов, облыстық аумақтық инспекциясы және республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдау әдістемелік орталығы мемлекеттік мекемесінің Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалының жауапты мамандары, қала және ауылдық округ әкімдіктерінің қызметкерлерінің қатысуымен шегірткеге қарсы күресті сапалы жүргізу мақсатында жиын өтті.

Қала әкімі Мұрат Болатұлы мәселенің өзектілігіне тоқталып, биыл өңірде жауын-шашын мол болып, қыстың жайлы болуы зиянкестердің көбеюіне қолайлы болғаны туралы айтты. Зиянкестерге биологиялық күресті жоғары деңгейде ұйымдастыруды қатаң тапсырды.

Қазіргі таңда Арыс қаласы аумағындағы 56,3 мың гектар жерге шегірткеге қарсы дәрілер себілуде. Бұл бағыттағы жұмыстарға зиянкестерге дәрі шашатын 2 ұшақ пен дәрі шашатын қондырғылармен жабдықталған 4-трактор, 6-ГАЗ-66 жүк көлігі, 9 УАЗ – барлығы 21 техника мен 100-ден аса адам жұмылдырылып, жұмыс қарқынды түрде жүргізілуде.

Арыс қаласы әкімінің баспасөз қызметі