Күнгейде «Көшкін» сахналанды

Күнгейде

«Көшкін» көне дәуірді дәріптеді. Күнгейдің бас театры осындай тақырыптағы тарихи қойылымды сахналады. Түрік драматургы Тунджер Джюженоглудың аңыз-оқиғасындағы қоғам қақтығыстарын көппен біз де тамашалап қайтқан едік.

Аңыз-уақиға бүтін бір тайпаның тарихын тарқатады. Елге қара бұлт төніп, тұрғындардың тұрмысы құлдырады. Дәлірегі, жұртшылықты таудың құлама беткейімен төменге аса жылдамдықпен жүйткитін қар еріндісі — көшкін басады.

Табиғаттың тосын мінезінен аман қалған ағайын абдырап қалды. Әйткенмен ауыл ақсақалдары ақылға кеп, азды-көпті жамағатты жұмыр елге айналдырды. Салты мен санасы көне дәуірдің көзіндей сақталған. Бұл жағдай көпшілікті, әсересе, жастарды сарсаңға салды. Қоғам қысымына тап болған келіннің рөлін театрдың жас әртісі Мөлдір Зияева сомдады.

Мөлдір Зияева

Мөлдір Зияева, Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының әртісі: «Маған қатты әсер еткені — табытқа салып, жазалайтыны. Әрине, бұл жайтта көзіме жас келіп, жаным түршікті. Бірақ режиссердің тапсырмасын орындадым, яғни рөлде қатайып, тырысып тұруым керек болды. Сәтті шықты деп ойлаймын. Ал кейіпкеріммен ұқсастығымыз — екеуміз де анамыз. Мейірім мен перзентке деген махаббатты ештеңе айырбастай алмайтынын дәлелдеп шықтым».

Академиялық қазақ драма театры түрік драматургі Тунджер Джюдженоглудың «Көшкін» психологиялық спектакліне дайындықты ай бұрын бастаған. Қоюшы режиссері — Асқар Алтынбеков. Шығармашылық топтың айтуынша, жылдар бұрын аталған қойылым «қара шаңырақтың» сахнасында көпке ұсынылған. Бірақ бұл жолы қайта жаңғырған еңбекте енгізілген өзгерістер көп.

Назарбек Үсіпахметов, Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры директорының орынбасары: «Бұл жолы «Көшкіннің» әртістерінің қимылы ширақ, дауыстары да өзгеше, әсерлі қойылды. Сондай-ақ, декарациялар да арнайы матадан тігілді. Бір көрген адам, табиғат аясы, таулы өлке екенін көреді. Және бұл үшін 1,5 миллион теңге жұмсалды».

Айта өтейік, бүгінде 84 жылдық тарихы бар театрда 146 адам қызмет етеді. Оның 46-сы – шығармашылық ұжым. Ал айтулы премьеарлық еңбекке өнер ұжымының 20 әртісі жұмылдырылып отыр.