Көктемгі бет терісі ерекше күтімді қажет етеді. Себебі, қыс айларынан кейін тері құрғайды, шаршайды. Ауыр тағамдардан жиналған шлак тері өңіне кері әсер етеді. Сондықтан тазалауды, пайдалы заттармен нәрлендіруді қажет етеді. Үй өнімдері алғашқы жемісін беріп үлгерді. Аскөк, ақжелкен, қияр, аз күндерден соң жеміс-жидектер пісе бастайды. Міне, тері күтіміне қажетті табиғи косметикалар өз бақшаңызда өсіп тұр. Тек, оларды пайдалануда бірнеше кеңесті біліп жүрсеңіз болғаны…
Көк шөптердің кереметі
Аскөк, ақжелкен, салат жапырағы мен райханда теріге қажетті пайдалы заттар көп. Көк шөптердегі А,В, РР, К дәрумені терінің саулығына пайдалы. Құрамындағы қышқылдары ағартады және теріні қайта жаңартады, жасұнық – тереңінен ылғалдандырады, эфир майлары – безеу, қызарудан құтқарады.
Ақжелкен
1 литр қайнаған суға 400г ақжелкенді салып, бірнеше минут қайнатады. Қайнатпадағы шөпті дәкеге орап, бет терісіне жарты сағат басады. Ал, қайнатпаны тоңазытқышта сақтап, онымен бет терісін мата тампонмен таңертең және кешке сүртеді.
Аскөк
Аскөкті блендрден өткізіп, ботқасын терідегі безеу мен бөртпе аймағына жағады. Масканы бірнеше рет жасаған соң безеуді ұмытуға болады.
Қымыздық
Тері түлеп, құрғағанда қымыздықтан таптырмайтын крем жасауға мүмкіндік бар. Ол үшін жапырақты ұсақтап турап, қаймақпен араластырады. Бет терісінде маска 10-15 минут тұрады. Соңынан бетті жылы сумен шаяды.
Салат жапырағы
Салат жапырағының бір бумасын ұсақтап турап, ағаш қасықпен езеді. Оған 1 стақан айранды аралстырып, қоспаны бет терісінде 20 минут ұстайды. Маскадан кейін тері жұмсарып, өңі ажарлана түседі.
Көкөністе теріге қажетті дәрумен көп
Теріге арналған бұл рецепттерге көктемде ерте піскен көкөністерде пайдаланады.
Құрғақ теріге
2 ас қасық ірімшік, 1 ас қасық сүт, 1 шай қасық өсімдік майын үккіштен өткен қиярмен араластырады. Қоспаны бет терісінде 15 минут ұстайды. Маска қалдығын салқын сумен жуып тастайды. Бұл маска теріні ылғалдандырып, дәрумендермен толықтырады.
Майлы теріге
Ерте піскен картопты суға қайнатады. Езбеге 1 ас қасық сұлы ұны, зәйтүн майы жұмыртқаның сарыуызын бірдей мөлшерде алады. Барлығын араластырып, қоспаны бет терісінде 15 минут ұстайды. Бұл терінің саулығын жақсартатын ең керемет маска.
Аралас теріге
Кырыққабат сөлін балмен араластырады. Оған аздап нан ашытқы қосады. Масканы қараңғы жерге ашығанша қояды. Мөлшері 2-3 есеге көпіршігенде бетке жағып, 30 минут ұстайды. Маска кеуіп, құрғағанда қайталап 2-3 рет жағады. Бетті соңынан салқын сумен жуады.
Дайындаған — АЙГҮЛ КЕРІМБАЙҚЫЗЫ