Шымкент қалалық жергілікті полиция қызметінің басшысы есеп берді

686
Шымкент қалалық жергілікті полиция қызметінің басшысы есеп берді

Шымкент қалалық жергілікті полиция қызметінің басшысы Данияр Мейірхан есеп берді. Тәртіп сақшысының мәліметінше, 2016 жылдың 12 айы ішінде Шымкент қаласы бойынша жалпы саны 20 мың 892 қылмысты құқық бұзушылық тіркелген. Яғни, өткен жылмен салыстырғанда 7,4 пайызға азайды дейді Данияр Мейірхан. Оның ішінде аса ауыр қылмыс саны 6,1 пайызға, ал ауыр қылмыс саны 21,4 пайызға төмендеген.

Дегенмен, алкогольді ішімдік ішіп, мас халде жасалған қылмыс 29,6 пайызға өскен. Осыған қарамастан қоғамдық орындарда жасалған қылмыс 0,7 пайызға, ал көшеде жасалған қылмыс саны 8,6 пайызға азайған.

Есепті кезеңде құқықтық тәртіпті сақтауға және нығайтуға бағытталған 87 рейд өткізіліп, нәтижесінде қылмыс саны азайған. Атап айтқанда кісі өлтіру – 8,8 пайызға, денсаулыққа ауыр зиян келтіру – 6,5 пайызға, зорлау қылмысы – 48,2 пайызға, алаяқтық – 33,9 пайызға, қарақшылық – 30 пайызға, ал бұзақылық 24,5 пайызға төмендеген.

Шымкент қалалық жергілікті полиция қызметінің басшысы есеп берді

Қазіргі таңда тіркелген жалпы қылмыстың жартысынан көбі мүліктік қылмыс дейді Данияр Мейірхан. Оның ішінде бөтеннің мүлкін ұрлау жиі кездеседі. Сонымен, осындай қылмыс саны 7,8 пайызға көбейгенімен, ашылуы да жақсарып, 56,7 пайызға артты. Айта кету керек, жасалған ұрлықтың әр төртіншісі ұялы телефонға қатысты болып отыр. Пәтер ұрлығы 2,4 пайызға өсіп, ашылуы 51,5 пайызды құрайды.

Ұрлық – қылмыстардың ішіндегі айқын емес, ең қиын ашылатын түрі. Бұл бағытта бізге атқаратын жұмыс көп дейді қалалық жергілікті полиция қызметінің басшысы.

2016 жылдың 12 айында учаскелік полиция инспекторлары халықпен 1219 рет кездесу өткізіп, жалпы 36 613 арыз-шағым қараған. Қазақстан Республикасының «Қоғамдық тәртiптi қамтамасыз етуге азаматтардың қатысуы туралы» заңына сәйкес, 149 азамат полицияның қоғамдық көмекшісі ретінде тіркелді.

Отбасы-тұрмыстық қатынастағы қылмыстар мен құқық бұзушылықтарды болдырмау мақсатында Шымкентте «Қауіпсіз қала», «Құқықтық тәртіп», «Қадағалау», «Тұрмыс», «Шартты» жедел-алдын алу іс-шаралары өткізілді. Нәтижесінде 3 209 тұлға есепке алынып, 2828 тұлғаға қатысты қорғау нұсқамасы шығарылды. Сондай-ақ 136 құқықбұзушыға ерекше талап қойылды.

Айта кету керек, бұрын сотты болғандармен жасалған қылмыс саны – 18%-ға, ал отбасы-тұрмыстық қатынастағы қылмыс саны 25%-ға төмендеген. Есепті кезең ішінде учаскелік полиция инспекторлары 27 мың 851 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады.

Заң бұзушыларға жалпы сомасы 93 млн 357 мың теңге әкімшілік айыппұл салынып, оның 41 млн 831 мың теңгесі өндірілген.

2016 жылдың 12 айында кәмелетке толмағандар жасаған қылмыстың 48,4 пайызға өскені байқалады. Осындай келеңсіздіктің алдын алу мақсатында прокуратура және білім беру органдарымен бірге 55 рейд өткізіліп, нәтижесінде түнгі уақытта үйден тыс жерде жүрген 2648 жасөспірім анықталған. Оның ішінде 754 жасөспірім кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылса, 11 жасөспірім арнайы мектептерге жіберілді.

Балаларды тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттерін тиісті орындамаған 231 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 4 азамат ата-ана құқығынан айырылған. Сонымен қатар құқық бұзуға бейім 472 жасөспірім және 314 жайсыз отбасы есепке алынып, қазіргі таңда олармен алдын алу жұмыстары жүргізілуде.

Есепті кезеңде жол-патрульдік полиция полкінің қызметкерлері 121 мың 620 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. Соларға байланысты 853 млн 366 мың теңге айыппұл салынып, 442 млн 156 мың теңгесі өндірілген.

Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында атқарылған іс-шаралардың нәтижесінде қала аумағында жол-көлік оқиғаларының саны – 34 пайызға, қайтыс болғандар – 8,5 пайызға, ал жарақат алғандар саны 33,5 пайызға азайған.