Мұғалімнің ақылы еңбек демалысын қалай есептейді?

13482

Оқу аяқталып, мектеп мұғалімдерінің ақылы еңбек демалысына шығатын мезгілі де жақындады. Редакцияға ұстаздардан осы ақылы еңбек демалысының төлемін қалай есептейтіні туралы көп сұрақ келіп түсті. Сауалдарға Шымкент қаласы білім бөлімінің қызметкерлермен есеп жүргізу секторының жетекшісі Гүлбаршын Узгельдиева жауап берді.

С: Жас маман емеспін. Еңбек өтілім үзіліссіз. Басқа қалаға қоныс аударуыма байланысты жұмыс орнын ауыстырып, қыркүйектен бастап жұмыс істеген күннің өзінде еңбек демалысына 44 күн шығару заңды ма? Заңсыз болған жағдайда қалған күндерін өндіре ала ма? Қалай өндіреді?

Ж: Егер 1 қыркүйектен 1 маусым аралығында үзіліссіз жұмыс істесе жалпы орта білім беру ұйымдарының педагог қызметкерлері үшін ұзақтығы күнтізбелік 56 күн демалу құқығына ие. Сонымен қатар, Еңбек кодексінің 103-бабына сәйкес жыл сайынғы ақылы еңбек демалысының ұзақтығы қолданылатын жұмыс режимдері мен кестелеріне қарамастан, еңбек демалысы күндеріне тура келетін мереке күндері есепке алынбай, күнтізбелік күндермен есептеледі. Ал егер 2 қыркүйектен кейін қабылданса жұмыс істеген әр айына 4,66 күнтізбелік күннен есептеліп, беріледі. Мысалы 5 қыркүйектен қабылданып, 1 маусымнан еңбек демалысына шықса, 9айға*4,66= 42 күнтізбелік күнге беріледі.

Гүлбаршын Узгельдиева, Шымкент қаласы білім бөлімінің қызметкерлермен есеп жүргізу секторының жетекшісі

С: Мектепалды даярлық тобының мұғалімдері қанша күнге еңбек демалысына шыға алады?

Ж: Мектепалды даярлық тобының мұғалімдері 1 қыркүйектен бастап мектепте жұмыс істейтін болса 56 күнтізбелік күнге шыға алады. Мектепке дейінгі мекемеде жұмыс істесе 42 күнтізбелік күнге шыға алады.

С: Мұғалімдердің ақылы еңбек демалысына төленетін ақшаны қалай есептейді? Мысал түрінде түсіндіріңізші.

Ж: ҚР Еңбек кодексінің 92-бабына сәйкес жыл сайынғы ақылы еңбек демалысы жұмыс орны (лауазымы) мен орташа жалақысы сақтала отырып, белгiлi бiр күнтiзбелiк күндер санына берiледi.

Қызметкердің орташа жалақысы орташа күндік жалақыны еңбек демалысына кеткен жұмыс күндерінің санына көбейту жолымен есептеледі. Орташа күндік жалақы барлық жағдайларда есепті кезеңде есептелген жалақы сомасын жұмыс уақыты теңгерімін негізге ала отырып, тиісінше бес күндік немесе алты күндік жұмыс аптасының жұмыс күндері санына бөлу жолымен анықталады.

Мысалы: Мектепте бастауыш сынып мұғалімі болып қызмет атқаратын 20 сағаты бар, 18 сағатқа дәптер тексеруі және сынып жетекшілігі бар, еңбек өтілі – 27 жыл. Бірінші санатты мұғалім. Айлық табысы 1 қыркүйектен бастап коэффициенті 4,30 болған кезде 100 970 теңге(лауазымдық жалақы 20 сағатқа 84552 тг + 10%МБ лж8455тг+ сын.жет 4424тг + дәптер текс 3539) есептелінген.
Егер 1 маусымнан 56 күнтізбелік күнге, оның ішінде 48 жұмыс күніне еңбек демалысына шығатын болса, онда

Бір күндік жалақы 987 512 теңге/242 күнге=4080,62теңге

Осы 4080,62 теңгені 48 жұмыс күніне көбейтсек, еңбек демалысына 195870 теңге шығады.
Сауықтыруға арналған жәрдемақы 20 сағатына 4,30 коэфциентпен 17697 теңгеге(БЛЖ(базалық лауазымдық жалақы )) көбейту арқылы 84552 теңге төленеді.

С: Жас маман,яғни жұмысқа орналасқанына бір жыл толмаған мұғалімдердің еңбек демалысына төленетін ақша қалай есептеледі?

Ж: Мысалы: Жас маман тарих пәнінің мұғалімі стажы бір жылға толмаған 18 сағаты және сынып жетекшілігі бар. Санаты жоқ.

Айлық табысы 1 қыркүйектен бастап коэфициенті 3,08 болған кезде 65267(лауазымдық жалақы 54507 тг+5309 (сынып жетекшілік)+ 10%МБ лж 5451тг) теңге есептелінеді. Егер жас маман 1 қыркүйектен қабылданса 1 маусымнан 56 күнтізбелік күнге, оның ішінде 48 жұмыс күніне еңбек демалысына, ал 1 қыркүйектен кейін қабылданса жұмыс істеген айына қарай әр айға 4,66 күннен есептеледі.

Бір күндік жалақы 587403 теңге/220 күнге=2670,01теңге

Осы 2670,01 теңгені 48 жұмыс күніне көбейтсек, еңбек демалысына 128160 теңге шығады. Егер күні аз болса бір күндік жалақыны еңбек демалысына шыққан жұмыс күніне көбейту арқылы есептеуге болады.Мысалы 10 қарашадан қабылданса6 ай 20 күнге *4,66 = 31 күнтізбелік күн, 27 жұмыс күні болады

Бір күндік жалақы 426107 теңге/161 күнге=2646,63теңге

Осы 2646,63 теңгені 27 жұмыс күніне көбейтсек, еңбек демалысына 71459теңге шығады. Сауықтыруға арналған жәрдемақы 18 сағатқа 3,08 коэфциентпен 17697 теңгеге(БЛЖ(базалық лауазымдық жалақы )) көбейту арқылы 54507 теңге төленеді. Өткен жылы еңбек демалысы айлық жалақы 1 қаңтар 2016 жылдан көбеюіне байланысты арттыру коэффициентін қолдану арқылы төленген болатын.

Шымкент қаласы білім бөлімінің қызметкерлермен есеп жүргізу секторының секторының тел: 53-02-04

Дайындаған – Жанерке ХУМАР