Музей – өткеннің шежіресі

1855

Әлемде халықаралық музей күні 1977 жылдан бері аталып өтеді. Музей жүйелері әртүрлі профильдегі, типтегі музейлерден тұрады. Профилі жағынан: тарихи, көркемөнер музейі, табиғи – жаратылыстану, техникалық, әдеби музей, комплексті музейлер деген алты топқа бөлінеді. Ал типтік тұрғыдан: ғылыми зерттеу, көпшілік – ағарту; академиялық – оқу түрлеріне жіктеледі.

Облыстық мәдениет басқармасының мәліметіне қарағанда бүгінде облыс көлемінде 25 музей жұмыс атқарып келеді. Қазір музейлер қорында (филиалдарымен қосқанда) 168 мың 637 дана жәдігер бар екен. Облыста әлі күнге дейін ашық аспан астында музей ашылмаған. Бірақ алдағы уақытта Отырартөбе мен Шымкент қаласының ежелгі қала орнын ашық аспан астында музей жасау жоспарланыпты.

Музей ашу үшін оның қызмет көрсететін профиліне қарай негізгі қордағы тұпнұсқа саны 500 данадан асуы қажет. Жәдігерлер жинақталып, сарапталып, орналасатын ғимараты белгіленген соң жергілікті басқарушы орган (облыстық, аудандық әкімдіктер) музей ашу бойынша шешім шығарады. Музей экспозициясын жасақтауда музейдің профиліне қарай ең бірінші оның тақырыптық жоспары музей мамандары арқылы дайындалады. Тақырыптық жоспар экспозицияға қойылатын жәдігерлердің тарихына, хронологиялық принциптерге негізделеді.

Шымкент қаласында 5 музей: ОҚО тарихи-өлкетану, «Ерлік», «Хакім Абай», ОҚО Бейнелеу өнері, Облыстық саяси қуғын-сүргін құрбандарының музейі бар.

Тарихы тереңнен бастау алатын осындай мәдениет ошағының бірі яғни, облыс көлеміндегі ең көне музей – Оңтүстік Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі. 1920 жылы негізі қаланған музей бастапқыда Сырдария халық-ағарту бөлімінің педагогикалық зертханасы және музейі деп аталды. Кейіннен 1925 жылы қайта құру жұмыстары жүріп, 1938 жылы облыстық тарихи-өлкетану музейі болып құрылды. Музейде археология, этнография, қор сақтау, экспозиция, экскурсиялық қызмет және ақпараттандыру сынды бөлімдер жұмыс істейді. Облыс көлемінде сегіз филиалы бар.

Олар:

  1. Түркістан қаласындағы «С.Ерубаев атындағы әдеби-мәдени» музейі;

  2. Сайрам ауданындағы «Сайрам тарихи-өлкетану» музейі;

  3. Түлкібас ауданында «Т. Рысқұлов атындағы тарихи-өлкетану» музейі;

  4. Ескі Иқан ауылындағы «Міртемір әдеби-мемориалдық» музейі;

  5. Сарыағаш ауданындағы тарихи-өлкетану музейі;

  6. Шардара ауданындағы тарихи-өлкетану музейі;

  7. Шымкент қаласындағы «Хакім Абай» музейі

  8. «Жеңіс» саябағындағы «Ерлік» музейі

Гүлмира Лазар, ОҚО тарихи-өлкетану музейінің ақпараттандыру секторының меңгерушісі:

– Өзіндік тарихи орны бар, музейге келушілер мен тарихшыларды тәнті қылып назар аударарлық құнды жәдігерлер ретінде 1931 жылы хан немересі әкеліп өткізген Кенесары Қасымовтың қылышын, 1930 жылдары жасалған атақты Қажымұқан бабамыздың киіз үйін, XVIII ғасырда жасалған бесікті, ХІХ ғасырда өңделген жұқа мал терісінен тігілген жарғақ шалбарды, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы мен Сара Алпысқызына сыйға берілген шапанды, XVIII-ХІХ ғасырда күмістен жасалған әшекей бұйымдар коллекциясын, ерекше кілемдер коллекциясын, XVIII ғасырда жасалған қазақтың қорғаныс қарулары сауыт, дулыға, қалқан, шоқпар, бос мойын, ХІХ ғасырлық самаурындар коллекциясын атап өтуге болады. Жәдігерлер өзіне байланысты және айналасындағы ортаға қатысты мәліметтерді көрсетеді. Музей жәдігері – нақты өмірден алынған, музейге қоюға құндылығы бар, музей қорына тіркелген, ұзақ сақтауға бейім зат.

Музейдің ақпараттандыру секторының меңгерушісі Гүлмира Лазардың айтуынша, сан мыңдаған жәдігерлердің ішінде өзіндік орны бар, ақпараты ерекше, құнды жәдігерлер де жетерлік.

Музейге кіру кұны:
Үлкендер – 200 тг
Студент – 100 тг
Оқушы – 50 тг

Музейде қызмет етуге тарих, музей ісі, география, филология мамандықтары бойынша яғни, гуманитарлық бағытта білімі бар мамандар алынады. М.Әуезов атындағы ОҚМУ-де музей ісіне оқытатын «Жалпы тарих және мұражай ісі» кафедрасы бар. Қызметке орналасқан жас маманды алдымен экскурсовод немесе кіші ғылыми қызметкер лауазымына қабылдайды. Әрі қарай өзінің біліміне, біліктілігіне қарай сатылап жоғарылайды. Яғни, музей қызметкері жұмыс барысында дайындалып, өз ісін жетілдіреді. Ал музейлердің жұмысы жергілікті атқарушы орган-облыстық мәдениет басқармасы және мекеменің басшылығы – директор арқылы басқарылады.

2016 жылы облыстық музей және оның қарамағындағы филиалдарына келушілердің жалпы саны – 133 309 адам

Тұрақты және жылжымалы көрмелер 243 рет ұйымдастырылған

4 208 тарихи жәдігер жинақталып, жалпы қоры 97 926-ға жетті

Жанерке Хумар