Шымкент зообағында жаңалық көп

Шымкент зообағында ірі жыртқыш аңдардың бөлек аймағы пайда болуы мүмкін. Қазіргі таңда зообақ басшылары арыстандар мен жолбарыстарға қажет жағдай жасауды ойластыруда. Бұл жобаның барлығы Шымкент әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылмақ.

Қазір Шымкент зообағында қайта құру жұмыстары жалғасуда. Таяу күндері Африка аймағы толық ашылады деп күтілуде. Қазірдің өзінде мұндай жабайы жануарлардың барлығы дерлік жіберілген.

– Сусиырды (бегемот) біз кәріз жүйесі қосылған соң ғана вольерге жібереміз, – дейді зообақ жетекшісі Нұрғазы Бұхарбаев.

Гепард тұратын орынның да құрылысы жүруде. Ал ірі жыртқыш аңдарға біраз күте тұруға тура келеді. Бұл үшін алдымен жоба жасап алып, оны қала әкімдігі қолдауы тиіс.