Мектеп оқушылары Астана күнін тойлады

451

6-шілде – ел аумағында айрықша мереке! Елордамыз Астананың туған күні! Айтулы датаны шымкенттік шәкірттер ерекше атап өтті. Алдымен қала тұрғындарына мерекелік құттықтау тілектерін жолдады. Шаһармымыздағы əл-Фараби алаңына жайғасқан «Шымкент Плаза» сауда үйінің алдында белсенді топ флэшмоб биін биледі. Мәдени шараға бір емес, 200 бірдей оқушы жұмылдырылды. Арнайы би-қойылымды тапжылмай тамашалап, қаумалаған жерлестеріміз таңданыстарын жасырған жоқ.

Сондай-ақ, орталық саябаққа жиналған шәкірттер Астанаға деген рухани сый-тартуын дайындады. Яғни, жас қылқалам шеберлері Бас қаладағы сәулеті мен сәні келіскен ғимараттардың бедер-бейнесін және қазіргі «Ехро-2017» халықаралық көрмесіндегі ұсынылған тың туындыларды көптің алдында тосылмай, 40 мольбертте салып шықты.

Ал осынау мерекелік іс- шараның соңы оқушылардың концерттік бағдарламасына ұласты. Айта өтейік, осы кезде Елордамыздың туған күні қарсаңында шымкенттік 150 оқушы Астанаға жол жүріп, «Ехро-2017» халықаралық көрмесімен танысып қайтты.  Елбасының өзімен кездейсоқ кездесіп, ақ батасын арқалады.