Терешкова көшесінің тұрғындары табиғи газсыз отыр

Экспонатқа айналған газ құбыры. Шымкент қаласындағы Терешкова көшесі, №18 үйдің тұрғындары үшін газ құбыры 3 жылдан бері музейдегі жәдігерге айналғандай. Құбырдан көгілдір отын ала алмай отырған тұрғындар шағымданбаған жеріміз жоқ дейді.

Терешкова көшесіндегі № 18 үй тұрғындары үшін жаңырту жұмысының қуанышы ұзаққа созылмады. Өйткені жөндеу олар үшін бас ауыртар проблемаға айналғандай. 2014 жылы жүргізілген газ құбырынан көгілдір отынның әне-міне беріледі дегеніне 4 жылға кетіп барады. Қақпаған есігі қалмай, тағаты таусылған халықтың енігі бар үміті тек қала әкімінде.

Терешкова көшесінің тұрғындары табиғи газсыз отыр

Бұл үйде 150-ден астам отбасы тұрады. Осынша шаңырақ үшін ортақ асханада 3-4 газ баллон тұр. Айтып келмейтін апаттан Қалдыбаева Қалдықыз жанын жүберекке түйіп отырады. Орны толмас қайғы қас-қағым сәтте орны алуы мүмкін дейді көп балалы ана.

Жаңғырту бағдарламасының орындалуын үйлестіруші – Шымкент тұрғын үй мекемесі. Мамандардың айтуынша, құны 15 миллион теңгелік жобаның жұмысын «Энергостройсервис» мекемесі атқарған. Құбырдың сапалы жүргізілуін анықтауда, тіпті, қысымдау жұмыстары да жүргізіліп қойыпты. Дегенмен, көгілдір отынның берілмеуінде бірнеше себеп бар екен.

Мәселенің түйініне нүкте қоюды талап еткен тұрғындар қала әкімінің қабылдауына да кіре алмады. Қала әкімшілігінің табалдырығында 2-3 сағат тұрып қайтқан халық тілшілер арқылы «Осы мәселемізді қатаң назарда ұстаса» деген өтініштерін білдірді.

Асқар Сатпаев