Қолөнер шебері туындысын еуропалықтардың назарына ұсынбақ

586

«Жан айқай». Ағаш шебері Мұратәлі Көшкінбаев өз туындысын осылай атапты. «Бұл жәй шығарма емес. Философиялық терең мағынаға ие трансформер іспетті, яғни құралып жиналатын туынды», – дейді өзі. Бұл еңбекті еліміздің мәдениетін таныстыру үшін шетелде өтетін көрме-байқауға ұсынғалы отыр. Республикалық іріктеуге жолданып жатқан шығарманың бірі де бірегейі.

Ағаш шебері Мұратәлі Көшкінбаев шығармасын материалға бейнелеуден бұрын, көп ойланғанын жасырмады. «Туынды алдымен ішкі жан дүниемде пісіп-жетілді», – дейді сеніммен. Өмірдің сан алуан соқпағы, жанның айқайы, мұның барлығын шебер композицядағы бірнеше образдар арқылы беруге тырысқан.

Бірегей композиция осыдан 22 жыл бұрын түсіне кіреді. Сол кезеңдегі елдегі тұрмыстық жағдай өзіне қатты әсер еткенін түсіну қиын емес. Барлығын сол уақытпен тікелей байланыстыруға болады. Елді жайлаған жұмыссыздық, халықтың әл-ауқатының төмендігі, бұл жағдай суретшіні бей-жай қалдырмағандай. Жан дүниесін күйзелткен құбылыс ағашқа берілді.

Шығарманы бағалап үлгергендер де бар екен. Бір көргеннен-ақ оны 1 миллион теңгеге сұрағандар бар. Алайда шебер мұны көпшілік назарына ұсынғаным артық деп санайды. Өйткені, туындының құны жоғары деп біледі. Әдетте, тұрмысқа қажетті астау, кесе сынды дүниелерді жасап, нәпақасын тауып жүрген қолөнер иесі бұл шығармасымен Қазақстанның шеберлер байқауына қатыспақ. Өткен кезеңдерден сыр шертетін шығарма үздік атанса, Еуропада да көпшілік назарына ұсынылатын күн алыс емес.

Асқар Сәтпаев