Астанада «Оңтүстік өнімдері» көрмесі өтуде

702

Астанада бүгіннен басталған Оңтүстік Қазақстан облысының күндері аясында тауар өндірушілердің «Оңтүстік өнімдері» көрмесі ашылды. Жиынға қатысқан облыс әкімі Жансейіт Түймебаев барша келушілерге алғысын білдіре отырып, күнгейлік көрме арқылы өңірдің инвестициялық және туристік әлеуетімен танысуға мүмкіндіктің мол екенін айтты.

– Биыл біздің елімізде шын мәніндегі ғажайып оқиға – Астана ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі өтуде. Бұл – техникалық және технологиялық жетістіктерді көрсететін, жаңа идеялар мен қызықты жобалардың нышаны, индустрияландыру символы болып табылатын халықаралық көрме. Ал бүгінгі тауар өндірушілер көрмесі – біз үшін өте маңызды оқиға. Мұнда өзіміздің жетістіктерімізді көрсетіп, көпшілікке танымал етуге, тұтынушылар мен өндірушілер арасында тығыз байланысты орнатуға мүмкіндік көп, – деді Жансейіт Қансейітұлы.

ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне күнгейден жеткен тамақ және жеңіл өнеркәсіп, машина жасау, фармацевтика және құрылыс заттары салаларының 60-тан астам кәсіпорны қатысып жатыр.

Үш күнге жалғасатын шарада Оңтүстіктің шағын қаржыландыру орталықтары мен ауыр және жеңіл өнеркәсіптерге қатысты индустриалды аймақтары, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация мен көліктік-логистикалық аймақтар, туристік ақпараттық орталықтардың дүңгіршектері қойылды.

Бас қаладағы «Бейбітшілік және келісім» сарайында ұйымдастырылып жатқан көрмеге келушілер, атап айтқанда, облысымызға кеңінен танымал кілем өнімдері мен шұлық-ұйық бұйымдарын, үйге арналған тоқыма бұйымдарды, киімдер, оқу формалары, сәбилерге арналған жиынтықтарды тамашалап жатса, бірқатар қонақтар Оңтүстікте тігілген аяқ киімдер мен ерлер костюмдерін киіп көріп жүр.

Мұнан бөлек елордалық жұртшылықтың назарына күнгейде жасалған трансформаторлар, дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдар, медициналық құрылғылар, құрылыс заттары, жиһаз, азық-түлік өнімдері және өзге де өнімдер ұсынылуда.

Ерекше айта кететін жайт, көрмеге келушілердің шарада ұсынылған Оңтүстік өнімдерін нарықтағы бағадан 15-20 пайызға арзан сатып алуға мүмкіндігі бар.

Сондай-ақ, Астана қаласындағы этноауылда Оңтүстік Қазақстан облысы күндерінің шеңберінде өңір қолөнершілерінің құнды шығармаларынан жасақталған «Құтты өлке қолөнері» атты көрме өтуде.

Халықаралық көрмес аясында өткізіліп отырған мәдениет күндерінде облыстың қолөнершілері тоқыма, сырмақ сыру, кесте тігу, әшекей бұйымдар, ағаш бұйымдарын әрлеу, ісмерлік, ұсталық сынды қолөнер бұйымдарын әзірлеп көпшіліктің назарына ұсынды. Сонымен бірге, ұлттық мәдениетті насихаттауды көздеген оңтүстікқазақстандық қолөнершілер мен суретшілердің төл туындылары және өңірдің тарихи, мәдени келбетін айқындайтын 1500-ден астам құнды жәдігер насихатталуда.

Этноауыл орталығында «Түркістан – түркі әлемінің мәдени астанасы» жылы аясында өткізілген іс-шаралар мен жуырда ғана оңтүстіктің киелі орындарын көзбен көріп, майлы бояу арқылы өрнектеген түркі әлемі суретшілерінің туындылары да осында қойылған.

Ұлттық нақыштағы кәдесый бұйымдарын дайындайтын заңды және жеке тұлғалар ұлттық қолөнер туындыларын қонақтарға таныстырса, 47 қолөнер шебері мен 7 суретші арнайы шеберлік сабақтарын өткізіп, ұлттық қолөнер бұйымдарын әзірлеудің қыр-сырын жиналған көпшіліктің назарына ұсынады.

Еске салайық, Оңтүстік Қазақстан облысының ұлттық құндылықтарды дәріптейтін көрме 29 тамыз бен 3 қыркүйек аралығында күнделікті сағат таңғы 10:00 мен кешкі 20:00-ге дейін өткізілетін болады.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

Фото: Самат Мырзалиев