Мердігер салғырттығы үшін сотта жауап береді

427

Қаладағы №97 мектеп құрылысын жүргізген мердігерлердің ісі сотқа берілді. Бұл туралы тапсырыс беруші тарап, яғни қала әкімдігінің құрылыс бөлімі өкілдері мәлімдеді. Айтуларынша, 15 қыркүйекте қолданысқа беріледі деген уәде орындалмаған. Айта кетейік, білім ордасы «Жұлдыз» шағынауданында орналасқан. Құрылыс барысында жіберлеген кемшіліктерге байланысты ғимарат бірінші қыркүйек күні оқушыларды қабылдай алмаған болатын. Енді міндетін дер кезінде орындамаған мердігердің ісі сотта қаралатын болды.

300 орынға шақталған су жаңа білім ошағы қаңырап бос тұр. Есесіне «Жұлдыз» елді мекенінің 400-ден астам балалары кеңес кезінде асарлатып салынған 98 орынды ескі ғимаратта үш ауысымда білім алуға мәжбір. Ал 900 млн. тенгеден астам қаражаттың 99 пайызын игерген мердігерлер кемшілікті жоюға асығар емес.

Құрылысқа тапсырыс беруші қала әкімінің құрылыс бөліміндегілер мердігер «Южная стройтельная компания» ЖШС-не 5 рет шара көріп, 23 млн. тенге айып салған. Енді құжаттарды сотқа тапсырыпты. Айтуларынша, құрылыстағы біршама кемшіліктерді тез арада жоюға мүмкіндік бар.

Жалпы үстіміздегі жылы Шымкент қаласы бойынша 7 мектептің құрылысы жүргізілген. Оның 6-ы толық аяқталып, онда оқушылар білім алуда. Ал бұл нысан енді алдағы аптада тапсырылады деп сендірді құрлысшылар.

Нұрлан Күдерұлы