Облыстық опера және балет театры жаңа маусымды «Қамар сұлу» операсымен ашты

1034

Залдағы көрермен XX ғасырдың басындағы әйел теңсіздігі, сол дәуірдегі қоғам шындығы, әлділердің әлсіздерге зорлығы және халықтың қараңғыдағы қапас тіршілігіне куә болды. Облыстық опера және балет театрының әртістері «Қамар сұлу» туындысындағы кейіпкерлердің сан қилы тағдырын опера өнері арқылы көрерменге паш етті.

Романның негізгі кейіпкері аса сұлу, ақылды арудың рөлін ҚР Мәдениет қайраткері Үралхан Сейілбекова сомдаса оның ғашығы Ахметті халықаралық байқаулардың лауреаты Ерлан Жандарбай алып шықты. Хор әртістерінің шебер орындаған әндері операның мағынасын ашып, балет тобының билері шығарманы әрлендіре түсті.

Жиналған көпшілік Сұлтанмахмұт Торайғыровтың шығармасы арқылы таныған Қамарды бұл жолы опера жұлдыздарының әртістік шеберліктерінің ұсынуымен жандарына жақын қабылдағандарын жасырмады. Өз пікірлерін әсерлене жеткізді.

Маусымашарда қойылған Еркеғали Рахмадиевтің операсын жұрт жоғары бағалады. Айта кетейік қоюшы режиссер Махинур Рахманованың еңбегі орасан. Аталмыш қойылым 2013 жылдан бері жыл сайын сахналанып келеді.