Шымкентте үйлері бұзылатын тұрғындар төленетін өтемақыға наразы. Жергілікті халық «Ескі қалашық» деп атап кеткен аймақта 73 баспана сүрілгелі тұр. Ескі болса да қала орталығындағы үйлері бар азаматтар «далада қалмаймыз ба?» деп қорқады. Құрылыс нысандарының бұзылатыны жайлы хабар алған жұрт билікке өтініш-талаптарын айтып отыр.

Аталған аумақтағы үйдің тұрғындары баспанасынан көшуден үзілді-кесілді бас тартып отыр. Өйткені үйлеріміз ескі болса да орталықта дейді. Мектеп, дүкен, жұмыс жайы – бәрі жақын. Рахима Гияеваның осында тұрып жатқанына 60 жылдан асқан. Қазір бұл үйде 12 адам тұрады. «Енді тұрғылықты жерімді алса, балаларым далада қалады», – дейді тұрғын.

Рахима Гияева, қала тұрғыны:

– Біз он екі адам тұрамыз. 5 млн неге жетеді? Оған баспана ала алмаймын. Қайда барамыз? Ескі болсада 5 бөлмелі үйім бар. Өзім мүгедекпін, үй тұрғызатындай жұмысқа да жарамаймын…

Дариға Дулатова, қала тұрғыны:

– Менің үйім жаңадан тұрғызылған. Осы үйіме 8 млн 700 мың беріп отыр. Ол ақшаға мен аламын? Қаланың қиыр шетінен жер учаскесін алуға ғана жетеді. Қанша ақша құйып істеткен үйіме берген ақшалары арзымайды. «Бұзып, материалын алып кетейін» десем рұқсат бермейміз дейді. Мен не істеймін? Онда маған басқа үй әперсін.

Ескі қалашықтағы нысандардың әне-міне сүріледі дегеніне бірнеше жыл болды. Таяуда ғана Шымкенттің әкімі осы мәселені тағы бір рет көтеріп, нық шешім қабылданғанын білдірді.Ыңғайсыздыққа қарамастан бұл үйлерде амалсыз тұрып жатқандар көп. Ал билік тұрғындарға басқа үй ұсынбайды. Сондықтан тым құрығанда әкімдік тәуелсіз сарапшылар бағалаған өтемақыны беруі керек дейді халық.

Нариман Қасымбеков, Шымкент қалалық жер қатынастары бөлімі басшысының орынбасары:

– Біз өз тарапымыздан алынған учаскенің кадастрлік құнын беруге дайынбыз. Ал құжаттар тура болса, нарықтық бағамен есептеп береміз. Заңнан асып ештеңе істей алмаймыз. Не әкімдік не біз заңға қайшы тұрмаймыз. Басымыз екеу емес. Бұл – мемлекеттік бағдарлама. Тұрғындардың өтініштерін әкімге жеткіземіз. Қандай шешім қабылдайтынын мен қазір айта алмаймын.

Әзірге «Ескі қалашық» тұрғындарының өтініші әкімнің қалай шешкеніне байланысты. Егер шаһар басшысы құп көрсе, онда тұрғындардың мәселесі оң шешілмек. Десе де, қаланың сәулетін құртып тұрған аймақта 73 баспана екі жылдың ішінде бұзылуы тиіс. Орнына көпқабатты тұрғын үйлер мен әлеуметтік маңызы бар нысандар тұрғызылады деп күтілуде. Оған қоса Қонаев даңғылы кеңейтіледі деген жоспар да бар…

Гүлжан Байназарова