«Жалған полицей» құрықталды

397

Шымкенттік тәртіп сақшылары алаяқтықпен айналысты деген күдікпен жалған полицейді қолға түсірді. 36 жастағы полиция лейтенанты формасын киген жалған полицей азаматтардың сеніміне кіріп, ақшаларын иемденіп кетіп отырған. Жуырда ғана бірнеше қала тұрғыны алаяқтың арбауына түскендерін айтып арызданған.

Алаяқ әйел олардан «құжат дайындап беремін және жұмысқа тұрғызамын» деп ақша алған.
Форма киіп, өзін ішкі істер бөлімінің қызметкері деп таныстырған соң одан ешкім күдіктенбесе керек. 53 жастағы қала тұрғынын «мүгедектікке шығарып беремін» деп қолына жалған анықтама ұстатып, 100 мың теңгесін алып тайып тұрған.

Жедел іздестіру шарасы барысында тәртіп сақшылары алаяқты қолға түсірді. Оның бұрын сотты болғаны анықталды. 6 баласы бар ана қаржылық қиындықтардың салдарынан осындай қадамға барғанын айтқан.
Күдіктінің жалдап тұрып жатқан пәтерінен полиция лейтенантының формасы, тағы да басқа заттай айғақтар тәркіленді.

Қазіргі уақытта 4 алаяқтық фактісіне қатысы бар екендігі анықталып отыр. Әрі 500 мың теңге алғаны белгілі болды. ҚР ҚК Алаяқтық фактісі яғни, 190 бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сотқа дейінгі тексеру амалдары жүргізілуде. Тәртіп сақшылары жалған полицейге алданғандар болса 102 нөміріне хабарлауын сұрайды.