Ұшақ апатынан қаза тапқан Талғат Патсаев Шымкентте жерленді

478

Санитарлық авиация ұшағының апатқа ұшырауы салдарынын қаза тапқан акушер-дәрігер Талғат Патсаев Шымкентте жерленді. 46 жаста көз жұмған профессорды ақтық сапарға шығарып салуға туыстары мен дос-жарандарынан өзге Оңтүстіктегі әріптестері мен атқамінерлер түгел жиналды. Білікті маманның артында бір ұл, бір қызы қалды. Марқұмның жаназасы ата-анасы тұрып жатқан қара шаңырақта өткізілді.

Қазақ медицинасы қара жамылғалы екі күн болды. Алматы маңында санитарлық авиация ұшағының апатқа ұшырауы салдарынан қаза тапқан профессор, ғылым докторы Талғат Патсаевты туыстары, әріптестері мен достары ақтық сапарға шығарып салды. Дәрігерлер көздері жасқа шыланса да сезімге ерік бермей, шыдап бақса, жақынынан айырылған туыстары көз жасын тыя алар емес.

Белгілі ғалым, химия ғылымдарының докторы Анапия Патсаевтың отбасында дүниеге келген Талғат Патсаев бар саналы ғұмырын ана мен бала денсаулығына арнады. Соңғы 20 жыл ұлттық акушерлік, гинекология және перинатология орталығында қызмет еткен еді. Әріптестерінің айтуынша, Талғат Патсаев бір сәтке де жұмысын ұмытпаған. Тіпті, демалыс күндері телефон арқылы-ақ халі мүшкіл пациенттер туралы кеңес беріп, білгенін үйретіп, білмегенін үйреніп жүретін дейді ақ халаттылар.

Ерғали Әлімбаев, Арыс аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері: «Биязы, байсалды адам еді. Жұмыс барысында бізбен бірге түнде келсе – түнімен, күндіз келсе – күнімен сол аурудың басы-қасында болатын еді. Мен ойлаймын, мұндай азаматтар дүниеге бірегей келеді.»

Бала босанған соң есінен танып, ауыр халге түскен науқасқа көмек беруге Шымкентке асыққан Талғат Патсаев шұғыл санитарлық авиация желісі бойынша АН-28 ұшағына отырған. Алайда ұшақ Алматыдан көп алыстамай апатқа ұшырады. Талғат Патсаевпен бірге әріптесі, реаниматолог-дәрігер Жәнібек Артықбаев және экипаждың 3 мүшесі қаза тапты.

Айжан Ермекқызы