Ауылдан қалаға неге ынтықпыз?

627

«Ауыл жастарының жаппай қалаға ағылуы – Қазақстанның тыныштығына қауіп келтіреді, сондықтан оларды қалаға келуіне тыйым салу керек». Бұл – Мәжіліс вице-спикері Владимир Божконың жасаған мәлімдемесінен үзінді. Осы пікір айтылысымен отандық ақпарат кеңістігі шулады. Тіпті бірі елдің ашуын туғызатын ойын жеткізген халық қалаулысын мандатынан айыру керек деп те ұсыныс айтты. Бұл мәлімдеменің түбінде не жатыр? Ауыл жастары неліктен қалаға асық? Ауылдарда жастарға қандай жағдайлар жасалған?

Владимир Божконың ойынша жуырда Астана қаласындағы «Абу-Даби Плазада» болған қазақ-үнді жұмысшылар дауына кінәлі – күнкөріс қамымен қалаға келген ауыл жастары екен. Осыған орай әлеуметтік желілер мен сайттарда өз пікрлерін білдірген сарапшылардың ойлары келесідей.
Facebook белсендісі Айдос Сарым өз парақшасында «Зейнеткер Божко» деген «Депутат Божко» дегеннен дұрысырақ болар» деп жазды. Оның сөзінше, депутаттың бұл сөзі білімінің таяздығын білдіреді. Урбанизация – əлемдік үдеріс. Одан сырт қалу, сол үдерісті ұқпау – барып тұрған кертартпалық, ақымықтық – деп баға берді.
Ал енді бір азаматтар Божконың мәлімдемесі заңға қайшы екенін, яғни Қазақстан азаматтарының, соның ішінде ауылдық жерде тұратын азаматтардың Конституциялық құқығын бұзу болып табылады десті.
Жастардың ойы екіге бөлінді. Бірі даттаса, екіншілері қолдау білдірді.
Ал Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың айтуынша «Халық қалаулысының» сөзі тіпті мемлекеттің саясатына қарсы екен. Ол Владимир Божконың неліктен ауыл жастарына киліккенін білмей таңқалды.
«Біз қазір керісінше ауыл жастарын оқуға тартып, қай жерде жұмыс күші керек болса, жұмысқа тарту мәселесін қарастырып жатырмыз», – деді. Иә, ондай бағдарламалар туралы естіп жатырмыз. «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім», «Нәтижелі жұмыспен қамту».
Десе де керісінше жастарды ауылға шақыратын бағдарламаларды да білеміз. Сонда мемлект саясатына қай бағыт тиімді? Оңтүстік жастарының дені қайда жүр?
Осы сұрақтарды облыстық жастар басқармасының басшысы Балмаржан Нарбековаға қойып көрген едік. Божконың мәлімдемесі жөнінде оның ойы қызықтырды. Бірақ жастар басқармасының басшысы бізге жауап беруден бас тартты.
Содан ОҚО «Жастар ресурстық орталығының» баспасөз хатшысы Айгүл Әлішердің жауабын білдік.
Ауыл – халықтың тұрмыс салты, мәдениетіміз бен дәстүріміздің, әдет ғұрпымыз бен рухани тіршілігіміздің қайнары. Сондықтан әрине, жастарымздың ауылдарда көптеп болғаны дұрыс. Әрине ол үшін жағдай жасалуы тиіс. Оңтүстіктің 14 аудан қалаларында «Жастар орталықтары» бар. Кез келген жасты жұмыспен қамту, білім алу, психологиялық көмек көрсету қолға алынған. Сондай-ақ түрлі іс-шараларға белсенді қатыстырып отырамыз,-дейді Айгүл Әлішер.
Ал «ауыл жастары неліктен қалаға көп кетіп жатыр?» деген сұраққа,
«Ауыл жастарының ең негiзгi мәселесi – жұмыс орнының жоқтығына келiп тiреледi. Жастар қалаға лажсыздан, ертеңгi нанын тауып жеу үшiн барады. Енді екіншісі білімнің қуалаған жастар. Өздеріңіз де білесіздер ауылдағы білім мен қаладағы білімді тіпті салыстыруға келмейді. Жағдайлар жаслып жатқан жоқ емес, жасалып жатыр. Бірақ 800 мыңнан астам жас толқыны бар (2017 жылғы дерек бойынша ауылдарда 400 мыңнан астам жас болған) өңір үшін бұл аздық етеді» деп жауап берді.
Айгүл Әлішердің айтуынша, мемлекеттік саясатқа жастардың ауылда көп болғаны тиімді екен.
– Жастарды қалаға шақырудың мақсаты ауылға білімді, білікті жасты жіберу. Яғни жоғарыда айтып өткендей жас азамат қалада сапалы білім ала алады, дипломы бойынша тәжірибе жинақтап, білікті маман болып ауылға барып, өз кіші Отанын дамытуға септігін тигізеді. Бізде «Дипломмен ауылға», «Жастар практикасы» бағдарламаларымен қатар, жастарды ауылға деген сүйіспеншілігін оятатаын «Ауылдағы бір күнім» секілді жобалар қолға алынып жатыр,-дейді ол.

Осыдан біраз уақыт алдын жастар саясаты жөніндегі басқарма басшысының «Дипломмен ауылға» бағдарламасының жүзеге асырылуы бойынша жасаған есебіне аймақ басшысы статистикалық мәліметтермен дайындалған баяндаманың салдарынан арғы жағындағы адам тағдырын көре алмай отырмыз деген еді. Шығатын қорытынды, жас толқын ауылда болсын, қалада болсын, бастысы оларға өз орын табуға көмектесу. Ол үшін қаржы да бөлініп жатыр, тек соны соңына дейін қадағалайтын жастардың жанашырлары керек.
                                                                                                                                                    Әлия ӘДІЛБЕК