Түнгі клубтағы атысқа қатысты апелляциялық шағым қайта қаралады

403

Облыстық соттың аппеляциялық алқасында «Пандора» түнгі клубында болған кісі өліміне қатысты қылмыстық іс қаралды. Жәбірленуші тарап та, айыпталушы жақ та бастапқы сот үкімімен келіспейтіндіктерін айтады. Сотталушылар жағы жазаны жұмсартуды қаласа, жәбірленушілердің туыстары жазаның тым жеңіл кесілгеніне наразы.

Өткен жылдың қазан айында «Пандора» түнгі клубында болған атыс салдарынан қаза тапқан Бекжан Егембердиевтің туыстары облыстық сотқа ұсыныс хат түсірген. Бастапқы сот отырысының хаттамасында кеткен қателіктер туралы жазылған.

Сабит Егембердиев, марқұмның ағасы: «Қазір сот отырысы бейнетаспаға жазылады және қағазға түсіріледі. Соттың электронды және баспа хаттамаларын салыстырғанда өрескел қателіктерді анықтадық. Сотта «Пандора» клубының жалға алушысы куәгер ретінде шақырылса, қағаз жүзіндегі хаттамада оны аудармашы деп көрсеткен. Қорғаушы тараптың куәгері шақырылған сот отырысына біз қатысқан жоқпыз. Бұл бейнежазбадан да көрініп тұр. Ал қағаз нұсқасында маңызды сот отырысына хаттамамен бізді қатысты деп қойыпты».

Облыстық сот алқасы жәбірленушілердің ұсынысын қарап қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған соттың қарауына қайта жіберді.

Ольга Лаврентьева, адвокат: «Облыстық соттың алқасымен біздің ұсыным хат қанағаттандырылды. Қазір іс мамандандырылған қылмыстық істер жөніндегі сотқа қайта жіберілді. Одан кейін облыстық сотқа қайта келіп, аппеляциялық шағым қайта қаралатын болады».

Еске сала кетсек, 2016 жылдың қазан айында Шымкентте түнгі клубта екі топтың арасында келіспеушілік болған. Кикілжің соңы атысқа ұласады.Тапаншадан атылған оқтан 23 жасар Бекжан Егембердиев көз жұмған болатын. Кісі өліміне Асыл Нұрділдаев кінәлі деп танылған болатын. Биылғы жылдың шілде айында сот үкімімен 17 жылға бас бостандығынан айыру жаза кесілген. Тағы үш сотталушының үш жолдасы сыбайлас деп танылған-тын. Екі тарап та аппеляциялық шағым келтірген.