Түркістандағы трагедия кімге сабақ?

605

«Жаңа босанған әйел көз жұмды», «Нәрестесі шетінеп кетті», деген оқиғаларды жиі еситін болдық. Тіпті, перзентханада сәбилерді ауыстырып, бала сатып байымақ болғандарды да көріп жүрміз. Ана мен бала өміріне жасалып жатқан мұндай қиянатқа кім кінәлі? Мұндай келеңсіз оқиғалардың орын алуының себебі не?

Өлім екі есе азайған

Елімізде ана мен бала денсаулығына жылдан жылға ерекше мән беріліп келеді. Президент Жолдауының «Ұлт ден­саулығы – біздің табысты болашағы­мыздың негізі» тара­уында да Қазақстан халқының денсау­лығын сақтау, балалардың денсаулығын қамтамасыз ету ісіне жаңа тәсілдер енгізу мәселесіне басымдылық берілген. Осы бағытта мемлекет отбасы мен балаға әлеуметтік қолдау жұмыстарын жетілдіру үстінде. Бұл жұмыстар оңтүстікте де бірізділікке қойылыпты. Сөзіміз дәйексіз болмауы үшін бірнеше мысал келтірейік. Мәселен, ҚР денсалық сақтау ісін дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын негізге алған күнгейлік ақхалаттылар, бағдарлама аясында жол картасын әзірлепті.

Онда бірінші басымдылық – ана мен бала денсаулығын қорғауға берілген. 2016 жылғы деректерге сүйенсек, былтырғы жылдың бірінші жартыжылдығанда босандыру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайту үшін 69 медициналық құрал-жабдық таратылған. Облыстық бюджет есебінен бөлінген 292,2 млн теңгеге 77 инвазивті және инвазивті емес ИВЛ, жаңа туылған нәрестелерге арналған реанимациялық орындар, ин­ку­баторлар алынған.

Жағдайы ауыр әйелдер мен нәрестелерге, консилиум ұйымдастырумен күн сайын мониторинг жұмыстары жүргізіліпті. Сондай-ақ, перинаталдық көмектің ай­мақ­тандыру деңгейлеріне тасымалдау бойынша шешімдер қабылданып, жағдайы ауыр 365 әйел мен 810 балаға жәрдем көрсетілген. Ал жоспарланған фертильді жас­тағы 49 458 әйелдің 35861-і тек­се­ріліп, оның 26737-нің ден­сау­­лығында ақауы бары анық­­талған.

Контрацепциямен 13418 әйел қамтылса, медицина қыз­меткерлері жүкті әйелдер мен балаларды анықтау үшін күн сайын аула аралап, медициналық бақылау жүргізіпті. ОҚО Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаевтың: «2017 жылдың 9 айының алдын ала мәліметтері бойынша ана өлім-жітім көрсеткіші 2 есеге төмендеді» дегені бар еді. Бұған статистика комитетінің: «Облыста ана өлім-жітімінің көрсеткіші ағымдағы жылдың 8 айында 41,7% азайған. Бұл республикалық көрсеткіштен әлде қайда төмен көрсеткіш» деген мәліметі айғақ. Бірақ….

Немқұрайды қарайды

Басшылар көрсеткіш төмен дегенімен өкінішке қарай жоғарыда аталған қайғылы оқиғалар әлі бар. Әсіресе, мұндай жағдайлардың демографиялық өсімі жоғары оңтүстікте жиі орын алытыны өкінішті-ақ.
ОҚО – бала туу саны жоғары, бірақ ұрпақты болу жасындағы әйелдер денсаулығының индексі ең төмен аймақ екендігін бұған дейін ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жасаған баяндамаларда айтылған. Алайда, мамандар, әйелдердің өз денсаулықтарына немқұрайлы қарайтындарын, «ұлым жоқ» не «қызым жоқ» деп босануға бел буатындарын айтады.

Алысқа бармай-ақ, күні кеше орын алған қайғылы жағдайдың өзі бұған дәлел. Естеріңізде болса, өткен аптада Түркістандық 30 жасар келіншек босанған соң, көз жұмған болатын. Оның анасының айтуынша, қызы жүктілік кезінде денсаулығына шағымданбаған көрінеді. Тек босанған соң бірнеше күннен кейін дене қызуы көтеріліп, жағдайы нашарлай түскен. Бастапқыда Түркістандағы ауруханаға жатқызылған ана 2-3 күннен кейін Шымкентке ауыстырылады. Алайда 6 баланың анасын аман алып қалу мүмкін болмады.

Дәрігерлер болса, келіншекке бала көтеруге болмайтынын айтқан, бірақ өзі құлақ аспаған деп отыр. Әйел аман-есен болсанған. Тіпті, екі-үш күн үйінде де болған. Осы жерде, егер әйелдің денсаулығына қауіп төнгенін білсе неге дәрігерлер алдын ала қамданбаған? Үйіне неге шығарған? деген сауал туындайды. Біреуді айыптағымыз келіп отырған жоқ. Бәрібір 6 баланың анасын тірілте алмаймыз. Десек те, дәрігерлердің өз ісіне деген салғырттығын айтпасақ тағы да болмас. Олай деуімізге себепте жоқ емес.

Биыл жаз айының соңғы күндерінде №4 перинаталдық орталықтың қызметкерлері шетінеген шақалақтың ата-анасына басқа баланың денесін беріп жіберген. Жерлер алдында ұлдарының денесін жуындырмаққа ашқан ағайын-туыс, шалатуылған 5-6 айлық қыздың мәйітін көріп шошынып қалғанын бұған дейін де жазған едік.
Қарап отырсақ, мұндай оқиғалардың орын алуына екі себеп бар:
1) әйелдердің өз денсаулығына немқұрайды қарайтыны;
2) дәрігерлердің қателігі.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, облыста жылына 80 мыңға жуық бала дүниеге келеді. Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасы ана мен бала денсаулығын қорғау бөлімінің басшысы Инна Глазебнаяның «Азаттыққа» берген сұхбатында өңірде 2017 жылдың І жартыжылдығында 131 нәрестенің, 1 жасқа дейінгі 422 баланың қайтыс болғаны айтылыпты. Маманның айтуынша, қайтыс болған балалардың басым көпшілігі, жүрек ауруынан, әртүрлі инфекциялардан көз жұмған. Сондай-ақ, ол бұл көрсеткіштің өткен жылғымен салыстырғанда әлдеқайда аз екенін айтады.

Өкінішке қарай, балалардың жазатайым оқиғалардан қайтыс болу статистикасы да жоғары. Осы цифрлар тасасында әйелдер мен олардың отбасыларының тағдырлары тұр. Сондықтан да, ақхалаттылар, жүктіліктің ерте кезеңінде медициналық консультанттарға уақтылы жүгінуге, контрацепцияларды сауатты пайдалана білуге,  түсіктің алдын алуға, босану арасындағы аралықты сақтауға кеңес береді. Айтуларынша, бұл шаралар әйелдің денсаулық жағдайын жақсартуға, аурудың алдын алуға ықпалын тигізеді, ана мен нәресте өліміне жол бермейді.

PS: Ұлым не қызым жоқ деп талай әйел басын қатерге тігіп 5-ші, 6-шы, 7-ші баласын босанып жатыр. Арты жақсылықпен аяқталса игі. Бірақ, кейде перзентті боламын деп жер құшып жатқандар да бар. Халық денсаулығының проблемаларын тек медицинаның жауапкершілігі тұрғысынан қарамауымыз керек. Жеке азаматтың денсаулығы тек 20% ғана медицинаға байланысты екенін ұмытпайық.

 

Мұқан Егізбаев, ОҚО Денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

– 2017 жылдың 1 қазанына дейінгі жағдай бойынша өңірде 56 936 әйел босанса, 57171 бала туылған. Балалар мен әйелдерде аурулардың кездесу жиілігі ОҚО-ның халық тығыз қоныстанған қалалары мен аудардарында: Мақтарал, Сарыағаш, Сайрам, және Түркістан, Шымкентте жоғары. Қазіргі уақытта аурулар арасында алдыңғы қатарда: әйелдерде – қан аздық, бауырдың, бүйректің, қан тамырларының созылмалы аурулары. Балалар арасында – іштен кеміс бол туу, жұқпалы аурулар, жазатайым оқиғалар мен жарақаттар. Ал ана өліміне келер болсақ, соңғы 10 жылда босану үстінде қайтыс болу фактісі тіркелмеген. Сондай-ақ, дәрігерлердің қателік жіберу фактісі тіркелмеген.

                                                                                                                                                  Айжан Ермекқызы