Жылу жүйесінен ақау шықса…

540

«Жаңа күн» бағдарламасының бүгінгі қонағы «Қуатжылуорталық» МКК бас инженері Пердебай Сәбитов:

Биылғы жылыту маусымына дайындық барысы қалай? Сығымдау жұмыстары аяқталуға жақын ба?

  – Шымкент қаласы бойынша 1 811 көпқабатты тұрғын үй бар. Соның 1 782-інде сығымдау жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңда 29 көпқабатты үйге сығымдау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

  – Сығымдау жұмыстары жүргізілмейтін үйлер бар екен. Не себепті?

   – Үйлер тұрғындардың өзінің есебінде болғандықтан сығымдау жұмыстары өздерінің құзырына кіреді. Барлық көпқабатты тұрғын үйлердің үй төрайымы не болмаса жауапты адамы болуы керек. Солардың келісімшартымен сығымдау жұмыстары жүргізіледі. Кейбір үйлердің жауапты адамдары жоқ. Сол себептен жүргізілмей қалып кетеді.

  – Абоненттердің 20-25 пайызы автономды жылыту қазандығын орнатып алған. Кей жағдайда көп үйлерде сығымдау жұмыстары жүргізілмей, жылыту маусымына дайындалмай қалып жатады. Автономды жылыту орнатып алғандар сығымдау жұмыстарының қажеті қанша дегендей немқұрайдылық танытатыны жасырын емес…

   – Бүгінгі күні тұрғындар тек сығымдау жұмыстарына ғана тапсырыс береді. Жөндету жұмыстарына сұраныс төмендеу. Ұйымдастыру жағы өз тараптарынан болуы қажет. Қиындау жүріп жатыр. «Бүгін, ертең төлеңдер» деген талап жоқ. Жыл он екі айға бөліп төлесе болады. Қараусыз қалған, үй төрайымы жоқ үйлердің барлығын өзіміздің мойнымызға алып, көмектесіп жатырмыз.

   – «Қуатжылуорталығымен» келісімшартқа отырған тұрғындарға қандай тиімді жақтары бар?

   – Көпқабатты үйлердің тұрғындары жауапкершілігі мол үй төрайымын немесе үй басқарушысын сайлап алуы керек. Сонымен қатар тек бізбен ғана емес жеке компаниялармен келісмшартқа отырып жасатуына да болады. Автономды жылыту құрылғысын қойып алғандар бар, пәтерін жалға беріп қоятындар бар немесе уақытша үйінде тұрмайтындар бар соның салдарынан көпқабатты үйде тұратын тұрғындарға ауыр тиеді. Сондықтан жыл он екі ай бойы бөліп төлейтіндей етіп жағдай жасап жатырмыз. Биыл тұрғын үйлердің жертөлелеріндегі құбырларды жөндеуден өткізудеміз. Егер тұрғындардың барлығы сапалы жылу алатын болса ақысын уақытылы төлеп тұрады. 800-дей үйде үй төрайымы жоқ, КСК атамаса да болады. Сондықтан оларға біздің мекеме қызмет көрсетеді. Апат болған жағдайда қиын тиеді. Биыл бригада ұйымдастырып отырмыз. Қыс айларында ақауларды жөндеп береміз. 8 бөлімшеміз бар. 24 тәулік бойы көмек көрсетеміз.

   – Сығымдау жұмыстары барысында су кетіп, апат болса кімге хабарласуы керек?

   – Материалсыз жөндейтін жерлер болса, келісімшарт болмаса да өзіміз жөндейміз. Қазіргі таңда 400-дей үй техникалық қызмет көрсету жөнінде келісімшартқа отырмаған. Солардың өзіне де қызмет көрсетіледі. Апатты жағдайда тұрғындарды жылусыз қалдырмау міндетіміз. «Қуатжылу орталығы» қаладағы жылумен айналысатын жалғыз мекеме. Тұрғындардың өтінішімен, мамандардың айтуымен апатты жағдайда қызмет көрсететін 40-қа жуық маманды қызметке алдық. 4 техникамыз бар. Шақырған жерге барып қызмет көрсетуде

   –  Келісімшарттың қандай тиімділігі бар?

    – Келісімшартқа отырғанға дейін өзіміздің балансымыздағы құбырларға ғана қызмет көрсететінбіз. Ал келісімшартқа отырғаннан кейін жылусыз қалдырмау басты міндет болып табылғандықтан барлығына бірдей қызмет көрсетуге тиіспіз. Апатты жағдайда да… Бұрын апат болғанда элеватордан өшіріп кететінбіз, тұрғындар басқа компанияны шақырып жөндеткеннен кейін ғана қайтадан барып қосып беретінбіз… Ал қазір қызмет көрсетуші болғаннан кейін жөндеп, қосып беру мойнымызда.

    – Ескірген құбырларды толық ауыстыру жақын болашақта мүмкін бе?

    – Қаладағы жылу құбырларының барлығы 100 пайыз жаңа құбырлар емес. Биылғы жылы жоспарланған 60 шақырым желіні ауыстырдық. Қала бойынша ішкі және магистральды орамдағы 400 шақырымнан астам жылу құбырлары бар. Соның 60 пайызы ауыстырылмаған. Егер ақау шығып жатса жөндеп, көмек көрсетеміз.