Қазығұртта газ-бетон блогын шығаратын зауыт іске қосылды

808

Қазығұрт ауданында «Отырабат-Құрылыс» серіктестігінің газ-бетон блогын шығаратын өндіріс орны іске қосылды. Салтанатты рәсімге Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев та қатысты.

Бұл жоба индустриалық-инновациялық даму бағдарламасының аясында аудандағы индустриялды аймақта жүзеге асып отыр. Кәсіпорын жылына 12 мың шаршы метр газ-бетон блогын шығаратын болады. Кәсіпорынның жұмысымен танысқан аймақ басшысы оның маңыздылығының арта түсетінін атап өтті.

– Осы ауданның және көрші аудандардың қажеттілігі үшін газ-бетон блогын шығаратын зауыттың іске қосылуы – өндіріс саласындағы жақсы оқиға. Құны 120 млн теңге болатын жобаның іске қосылуы құрылыс үшін маңызды. Сондықтан бұл бастаманы қолдаймын. Аталған аудандағы индустриалды аймақта қазір жалпы құны 2 млрд теңгені құрайтын 7 жоба жүзеге асырылуда. Кәсіпорындар ашылса, салық түсіп, ел бюджеті молаяды, тұрғындар жұмыспен қамтылатын болады, – деді әкім.

Өңір басшысы Қазығұрт – Шымкент қаласымен іргелес жатқан көрші аудан екенін және Жібек жолы мен Батыс Европа – Батыс Қытай жолының бойында орналасқан аудан болғандықтан, мұнда өндірісті өркендету қажеттігін айтып, мұндай бастамаларды қолдауға әрқашан дайын екенін жеткізді.

Өндірісте алдыңғы қатарлы инновациялық технологиялар мен және жоғары сапалы шикізат қолданылады. Сондықтан зауыттың өнімі халықаралық стандарттардың ең жоғары талаптарына жауап береді дейді кәсіпорын өкілдері.

Мұнда жылына 12 мың шаршы метр, яғни 336 мың газ-бетон блогы шығарылады. Құрылыста тиімді болып келетін бұл өнімнің ені – 30 см, биіктігі – 40, ал ұзындығы 60 см. Газ-бетон блоктар өңірде салынатын көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысында қолданылатын болады.

Қазығұрт ауданына жасаған сапары барысында облыс әкімі жеке кәсіпкер Гүлзия Бейсебаеваның жылына 25-30 тонна тәтті өнімдер шығаратын кондитерлік цехының жұмысымен танысып, жергілікті 10 адамды жұмыспен қамтып отырған іскер азаматшаның жұмысын оң бағалады.

Бұл жобаның құны 80 млн теңгені құрайды. Оны жүзеге асыру үшін кәсіпкер «ONтүстік өнімдері» аймақтық қаржыландыру бағдарламасы және «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының банк несиелерін кепілдендіру шарты бойынша қаржылай қолдау алған. Түркиядан кондитерлік өнім өндіретін құрал-жабдық әкелген Гүлзия Бейсебаева елімізде кәсіпкерлікпен айналысуға жағдай жасалғанын айтты.

Аймақ басшысы мұнымен қатар Қазығұрт ауданында жылына 63,2 млн кВт электр энергиясын өндіретін шағын гидро-электр станциясын аралап көрді. Бүгінгі таңда кәсіпорын сынақ мерзімінен өтіп, электр қуатын шығаруды бастап кетті.

Өндірілген электр қуаты Қызылсеңгір елдімекенінің электр желісіне қосылу үшін «Оңтүстік жарық» мекемесіне 1кВт 16,71 теңгеден өткізілуде. Үлкен кескен каналынан секундына 6 шаршы метр су алынып, 450 метр төмен қарай электр станциясына келіп, арнайы қондырғылардан өтіп, сағатына 1000 кВт электр қуаты шығарылады.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі