АНОНС Жаңалықтар 

Медициналық-әлеуметтік сараптама құжаттары электронды түрде қабылдануда

Мүмкіндігі шектеулі жандар енді мүгедектігін растайтын құжатын электронды форматта өткізеді. Бұрын осы бір құжатты толтыру үшін кабинеттен кабинетке жүгіріп, уақыт жоғалтатын. Енді ол күндер артта қалмақ. Бұл жобаның нәтижесінде ең алдымен уақыт үнемделеді, қағазбастылықтан толықтай арылтады. Ашықтық орнатылады.

Құжат «Медициналық-әлеуметтік сараптамаға электронды жолдау» деп аталады. Жоба 2017 жылдың қаңтарынан бастап қолға алынған, құжатты мамыр айынан бастап емдеу мекемелері 100 пайыз электронды түрде жіберу талап етілуде. Биыл қағаз түрінде де қабылданып келген құжат келер жылы тек электронды нұсқада ғана қабылданады.

Ернар Пернеқұлов, методология және МӘС бөлімінің басшысы: «Мүгедектікті тағайындау мемлекеттік қызмет аясында электронды түрде жүргізілуде. Бұл жаңашылдық мемлекеттік қызмет сапасын арттыру, құжат айналымын тездету үшін қолға алынған. Барлығы бір базада сақталып тұрады. Мүгедектер өзімен бірге тек бір ғана құжат яғни, жеке куәлігімен ғана келіп, медициналық әлеуметтік сараптамадан өтеді.»

Әрине, жаңа бастаманың өзіндік қиындықтары да бар. Әзірге емхана мамандары да, мүмкіндігі шектеулі жандар да жаңа жүйенің тиімділігін жіті түсіне бермейді. Десе де жаңашыл жобаның қолайлылығы қуантып отыр.

Ердос Лескенов: «Электронды нұсқа өте тиімді. Тез, барлығы бір жерден бітеді. Бұрын 088 формасын толтыру барысында әр кабинетке сандалататын. Қазір қол қойдыртып, бір жерден, бір ғана дәрігерден барып алып кетеміз. Өз басым жаңа жобаны қолдаймын.»

Төрехан Даутов, №1 МӘС бөлімінің басшысы: «Электронды үкімет жұмыс тәсілін біздің МӘС бөлімдерінде 2015 жылдан бері жүзеге асырып жатырмыз. Ол композиттік қызмет түрі, яғни, бізге келетін мүгедектердің мемлекеттік қызмет алуы 3-4 қызмет түрі бір өтініш негізінде жүзеге асырылады. Биылдан бастап біз емханадан жолдаманы қағаз жүзінде талап ететін болсақ, көп уақытқа созылатын, аурулар үшін ыңғайсыз болатын. 4-5 кабинетке кіріп, дәрігерлердің қағазға түсіретін мәліметі қазір бір кабинеттен электронды түрде жіберілуде. Комиссия төрайымының қолымен бізге жіберіліп жатыр. Дер уақытында әділ мәлімет алып отырмыз. Өте тиімді.»

Медицина саласын сандық жүйеге өткізу белсенді жүргізілуде. Әрқайсысымыздың электронды денсаулық кітапшамыз да болады. Сондықтан құжат құнттап сабылмай, электронды жүйеге көшу қарашаның көңілінен шығып отыр.

Гүлжан Көшерова

Related posts

Пікір қалдыру

Алғашқы болып пікір жазыңыз!

Маған хабар беру:
777
wpDiscuz