Ұн өндірісіндегі жағдай оңалар емес

332
Ұн өндірісіндегі жағдай оңалар емес

Ұн өндірісіндегі жағдай оңалар емес. Күнгейлік бидай өндірушілер 1200 вагон шикізатқа қол жеткізе алмай отыр. Соның салдарынан өндіріс ошақтары жұмыстарын тоқтатуға мәжбүр. Жұмыс көлемі азайып, еңбеккерлер қол қусырып қалды дейді кәсіпкерлер.

Амалы құрыған кәсіпкерлерлер ортақ түйіткілді талқылауға тағы жиналды. Айтуларынша, өндірістің тоқтап қалуына дәнді дақыл таситын тиісті техниканың жетіспеушілігі себеп болып отыр. Бұл мәселенің бас көтергеніне бүгінде жарты жылға жуықтап қалды дейді кәсіпорын иелері. Содан бері тиісті шикізаттарына жете алмай шарасыз қалған іскерлердің бірі бүгінде өндірісті жартылай тоқтатып, жұмысшыларын босатуға мәжбүр.

Ұн өндірісіндегі жағдай оңалар емес

Тауы шағылған кәсіпкерлер теміржол саласы өкілдерінен араша сұрауға мәжбүр болды. Олар шикізат тасымалындағы кедергілер бизнеске ғана кері әсер етіп қоймай, өзге де жайсыз жайттарға себеп болады деп дабыл қақты. Жағдай реттелмесе жұмыссыздық белең алып, тіпті ас атасы – нанның бағасы шарықтап кетуі де ғажап емес дейді.

Жүк тасымалдаушылар жылжымалы техникалардың жетіспеушілігін болдырмау үшін вагондарды қойма ретінде пайдаланбау қажеттігін айтады. Енді жылжымалы вагондардан қойма жасап қоятын пысықайларға айыппұл саламыз деп отыр. Бұл – кедергілер жол бермеудің бір әрекеті. Алайда ұн өндірісіндегі жағдайдың қашан, қалай реттелетінін әзірге еш тарап дөп басып айта алмайды.

Мақпал Рысбаева