Шымкент мұнай өңдеу зауыты К-4, К-5 класты дизель отынын шығара бастады

502

Шымкент мұнай өңдеу зауыты («ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС) Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні қарсаңында 15 желтоқсаннан бастап Кеден Одағының техникалық регламентінің талаптары бойынша К-4 және К-5 экологиялық класына сәйкес келетін дизель отынын шығаруды бастады. Бүгінгі таңда К-4 және К-5 дизель отынының тәжірибелік-өнеркәсіптік партиялары шығарылып, өнімдерге құжаттар ресімделді және мемлекеттік органдарда өнімнің Кеден одағының техникалық регламентіне сәйкестігі туралы декларация алынды.

Биылғы шілде айынан бастап зауыт К4 және К5 экологиялық класына сәйкес келетін жоғары октанды бензиндерді шығаруда. Осылайша Шымкент мұнай өңдеу зауыты Қазақстан нарығын жоғары сапалы мұнай өнімдерімен қамтамасыз ету бойынша өзіне алған міндеттерін толық орындап келеді.

Қазіргі уақытта зауыттың қуатын жылына 6 млн тоннаға дейін арттыруға және өңдеу тереңдігін жоғарылатуға бағытталған жобаның 2-кезеңі нысандарының құрылысы аяқталып келеді. Жобаны 2018 жылғы қыркүйек айында бітіреміз деп жоспарлаудамыз.

«ПетроҚазақстан Ойл Продактс» компаниясының ұжымы барлық қазақстандықтарды Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күнімен құттықтайды және барлықтарыңызға зор денсаулық, амандық және тұрақты болашаққа деген сенімділік тілейді!

Анықтама: Шымкент мұнай өңдеу зауыты 1985 жылы салынған және еліміздегі мұнай өңдеу зауыттарының ішіндегі ең жаңасы болып табылады. Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаңғырту жобасы мемлекеттік үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында 2014 жылы басталған және ол 2 кезеңнен тұрады. Зауыт акцияларының 50%-ы «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясына, қалған 50%-ы CNPC компаниясына тиесілі.