Қарақшылар қолға түсті

340

Шымкенттің полицейлері бірнеше қарақшылық шабуыл жасаған күдіктілерді құрықтады. Еңбекші аудандық ІІБ-ның қызметкерлері ОҚО аумағында 4 адамнан құралған қылмыстық топты қолға түсірді. 2018 жылдың 8-ші қаңтарында Еңбекші аудандық ІІб ның кезекші бөліміне Желтоқсан көшесінде орналасқан дүкенге қарақшылық шабуыл жасалғандығы жөнінде хабарлама кеп түскен.

Бетперде киген белгісіз біреулер түнгі уақытта азық-түлік дүкеніне баса көктеп кіріп, сатушы қызды шолақ мылтықпен қорқытып, 80 мың теңгені алып кеткен. Аталған жәйт ҚР ҚПК-нің 192 бабы бойынша тіркелген. Жедел іздестіру шаралары нәтижесінде полицейлер 1990,1994,1996 және 1999 жылы туған облыс орталығының тұрғындары, 4 күдіктіні ұстады.

Тепсе темір үзетін жас жігіттер дүкенге ғана емес, букмекерлік кеңсе мен жанар жағар май құю бекетіне де қарақшылық шабуыл жасағаны анықталды. Мәселен, былтыр қараша айында Сарыағаш ауданы аумағында орналасқан букмекерлік кеңсеге қарақшылық жасаған. Оператор қызды қорқытып, 250 мың теңгені алып кеткен.

Қазір тергеу нәтижесімен тағы да 7 қарақшылық оқиғасына қатысы бар екендігі анықталған. Күдіктілер қамауда. Сотқа дейінгі тергеп тексеру жүріп жатыр.