150 дәрінің бағасы жыл соңына дейін қымбаттамауы тиіс

522

Оңтүстікте халық жиі қолданатын 150 дәрінің бағасы жылдың соңына дейін көтерілмеуі тиіс. Бұл үшін облыс басшылығы мен «Даму» фармацевтикалық және медициналық қызметкерлер қауымдастығы меморандумға қол қойған еді. Бүгін денсаулық сақтау басқармасының өкілдері мен баспасөз қызметкерлері дәріханаларды аралап, келісім аясында атқарылып жатқан жұмыстың барысымен танысты.

Пресс-тур өкілдерінің алғашқы аялдамасы «Еурофарма» дәріханалар желісі болды. Бұл сауда орны 15 жылдан аса оңтүстіктікте қызмет етіп келеді. Дәріханада шетелден әкелінетін препараттардың бағасы жоғары болғанымен, халық ең жиі тұтынатын 150 дәрінің бағасы мұнда қалтаға қонымды.

Фармацевтердің айтуынша, денсаулығы сыр бергендер дәрігердің қабылдауында болмай-ақ, қажетті дәрі-дәрмектерді сатып алып, ем жасауға құмар. Алайда, дәрігер тағайындамаған препарат дәріханада сатылмайды. Дегенмен, маманның босатуынсыз берілетін дәрілерде бар.

Мамандардың сөзінше халықтың басым бөлігі «Мезим форте» сатып алады. Өйткені бұл дәрі дәрігердің босатуынсыз сатыла береді. «Форте Н» преапараты да дәл солай. Бұл екі дәрінің белгіленген бағалары жылдың соңына дейін көтерілмеуі керек. «Мезим фортенің» бағасы 550 теңге, ал «Форте Н»-нің бағасы 450 теңгеден аспауы керек.

Еске салайық, 2017 жылдың соңында облыс басшылығы өңірде дәрі тасымалдайтын отыз компаниямен меморандумға қол қойған. Келісімге сай, дәріханаларда 150 дәрінің бағасы жыл соңына дейін көтерілмеуі керек. Бүгінгі пресс тур кезінде тізімде көрсетілген дәрілер қымбаттамағанына көз жеткіздік және кедергісіз кез-келген дәріханадан табуға болатынын байқадық.

Біліп жүріңіз: Бағасы көтерілмеуі тиіс 150 дәрінің тізімі кез-келген қаладағы дәріханаларда ілініп тұруы тиіс. Бұл тізімді кез-келген тұтынушы фармацевтерден талап ете алады. Ал, тізімі жоқ дәріхана иелеріне шара көріледі.

Лаура Нақыпқызы