Жүргізушілерді қуантатын жаңалық

486

Ел азаматтарына әкімшілік айыппұл жазатын басты заң өзгеріске ұшырады. Дәлірегі, айыппұлдар азайтылып, ескерту жасау баптары көбейді. Жол қозғалысы ережесін бұзу жағдайына қатысты белгіленетін түрлі жазалар жеңілдеді.

Алдындағы көлікті басып озып, қарсы жолға шыққан автокөлік жүргізушісіне тағылатын айып қатаң еді. Бұған дейін мұндай заң бұзушылық тіркелсе, онда көлік иесін бір жыл мерзімге автөкөлік басқару құқығынан айырылатын. Енді ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне енгізілген өзгерістерге сәйкес бұл мерзім қысқартылды.

Барлық өзгерістер мен толықтыруларды облыстық сот ғимаратында өткен дөңгелек үстелде таныстырды. Онда әкімшілік құқық бұзушылық істердің қаралуы, тағайындалған айыппұлдарға шағым жасау сынды баптар бойынша түрлі жеңілдіктер қаралған. Мұнда бір айта кетерлігі, қала көшелеріне орнатылған түрлі фоторадарлар, жылдамдық өлшеуіштер тіркейтін айыппұл нұсқамаларына шағым түсіруге болады.

Жол ережелеріне қатысты барлығы 22 айыппұл мөлшері азайды. Сондай-ақ, айыппұлды 7 күн ішінде төлесе, 50 пайыз жеңілдік те жасалады. Бұл жаңалықтың ең алдымен жүргізушілерді қуантатыны анық. Әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне енгізілген барлық өзгертулер мен толықтырулар 9 қаңардан бастап күшіне енеді.

Жәнібек Нұрыш