Ай тұтылды

1179

NASA Айдың ерекше құбылысын тікелей эфирден көрсетті. Керемет құбылысты шымкенттіктер жергілікті уақытпен кешкі сағат 20-дан 10 минут өткенде байқады. Тұтылу шамамен бір сағатқа жалғасты. Көпшілік осындай құбылыстардан ауа-райында өзгеріс болады деп түсінеді. Алайда, «оның ауа температурасына әсері жоқ», – дейді жұлдызшылар.

«Айдың тұтылуы – жыл сайын болып тұратын құбылыс. Кейде 12 айда екі-үш рет қайталануы мүмкін», – астрономдар осылай түсіндіреді. Нақтылауынша, бұл көріністі жарты ғаламшар анық көре алады. Дегендей-ақ, қаңтардың соңғы күні кешкісін Айдың тұтылғанын шымкенттіктер анық көрді. Ғалымдардың түсіндіруінше , мұндай кезде Айдың көрінетін диаметрі шамамен 8%-ға артады, ал жер серігі қызғылт түске боялады. Ол расында, солай болды. Оның үстіне, аспан ашық болып, мұны көпшілік анық байқады.

Негізі табиғаттың ерекше құбылысын тамашалаймын деушілерге ғалымдар – аспан ашық көрінетін жерге шығып, мүмкіндік болса дүрбі немесе телескоп пайдалануға кеңес береді. Ай тұтылу кезінде перигей нүктесіне жақын болады. Ол дегеніміз Жерге жақындай түседі екен. Табиғат құбылыстары адамдарға әртүрлі әсер ететіні даусыз. Жерлесіміз, ақын Мұрат Бекей ерекше сәтті «АЙ» деген жаңа өлеңімен сипаттапты. Онысын әлеуметтік желіге жазып таратты.

Ұмытып бір мазалаған жайды өңге,
Шығарайын Жерім жайлы ойды өрге.
Тартылыстар заңын шетке ысырып,
Кеше түнде жақындапты Ай Жерге.

Он сегіз мың ғаламның бұл тірегі,
Тартылыс бар деп алаңсыз жүр едім .
Адамзаттың Анасына көрсеткен
Зәбіріне шыдамады-ау жүрегі…
-, деп адамзатқа үндеу салғандай…

Әлем халықтарының басымы көре алған астрономиялық құбылысты түсірумен Обсерватория айналысқан. Ал бұған дейін Жер тұрғындары Айдың тұтылуын былтыр 7-ші тамыз күні түнде байқаған еді.

Зәуре Оралбаева