Апаттан кейінгі жаппай тексеріс

445

Жүргізушілер қамалды
Ақтөбе сотының шешімімен 52 адам ішінде тірідей жанып кеткен автобустың жүргізушілері екі айға қамауға алынды. Оларға көлік құралын пайдаланудың ережесін бұзды деген айып тағылды. Тергеудің нұсқасы бойынша, жолаушылар дәнекерлеу шамының көмегімен жылынған.

Оны бірнеше сағат қолданғандықтан, автобустың салоны газ бен бензин қоспасына толған. Байқаусызда бензин құйылған ыдыстан бензин төгіліп, өрт шыққан. Жүргізушілер «Автомобильдi, троллейбусты, трамвайды не басқа да механикалық көлiк құралын басқаратын адамның жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы, абайсызда екi немесе одан да көп адамның өлiмiне әкеп соққан іс-әрекет» бабы бойынша күдікке ілініп отыр. Диапазон сайтының хабарлауынша, олар бестен он жылға дейін сотталуы мүмкін.

Автобус жүргізушілерінің бірі Нұржан Қырғызбаевтың қорғаушысы оны кепілмен босатуды сұрап, тергеу-ге кедергі болмайтынын немесе ешқайда қашып кетпейтінін айтып түсіндірді. Басты жүргізуші Мақсат Пернебеков өзіне тағылып отырған айыпты мойындамады. Айтуынша, оқиға болған кезде ол ұйықтап жатқан және рульде болмаған. Ол соттан бас бостандығын айырмауды сұрады. Үшінші жүргізуші Барат Таңатов сол күні жолаушы ретінде жолға шыққан. Ол да түрмеге жаппауды сұрап, жеті баласының бар екенін, олардың бесеуі кәмелетке толмағанын және оларды асырайтын жалғыз өзі екенін айтып, кепілмен босатуды сұрады.

Пернебековтің әпкесі Нұршат Пернебекованың айтуынша, інісі Мақсат соңғы жылдары Қазанға автобуспен жиі барған. Негізі, автобус басқа адамға тиесілі екен. Ол адам әр рейс үшін жүргізушіге 60 мың теңге төлеген. Еске салсақ, 18 қаңтар күні Ақтөбе облысының Ырғыз ауданында 57 адам отырған автобус өртенді. Ішіндегі бес адам өртеніп жатқан автобустан қашып үлгерген. 52 адам сол жерде тірідей жанып кетті. Автобус Оңтүстік Қазақстан облысынан Қазанға кетіп бара жатқан. Зауыттан 1989 жылы шығарылған автобус Ордухан Мехтиев есімді азаматтың атына тіркелген. Қазір автобус иесі іздестіріліп жатыр. Өкінішке қарай, автобустың техникалық байқаудан соңғы рет 2015 жылы өткені апаттан кейін ғана анықталған. Соңғы кезде, адам өліп, қайғы болғаннан кейін ғана ес кіретіні қынжылтады.

Рейдтер көбейді
Ақтөбедегі оқиғадан кейін облысымызда қоғамдық көліктерге бақылау күшейтілді. Аумақтық көлік инспекциясының өкілдері мен жол сақшылары және тиісті басқарма мамандары арнайы рейдтерге шығып, автобустар мен бағыттардағы көліктердің техникалық жағдайы мен құжаттарын тексеріп жатыр.

Көлік инспекциясы мамандарының сөзінше, «Автобус» рейдтік шарасы кезінде жолаушы тасымалдайтын автобустардан 400-ден астам заңбұзушылық анықталған. Полицейлер 36 автобустың техникалық байқаудан өтпегенін анықтады.
Бұған қоса, жүргізушінің жолға шығу құжаттары бұрыс толтырылған. Тексеру кезінде көлік жүргізушілерінің өздері басқаратын автобустарының техникалық жағдайының қандай екенін, қалай тексерілгенін білмейтіні белгілі болды.

Бұл да автобусқа басқаның қожайын, енді біреудің жүргізуші екенін, екі ортада техникалық қауіпсіздік, жолаушы тасымалы ережелерін сақтау бойынша заң талаптарын орындалмайтынын айғақтай түседі.

Бірақ, бұл саланы қадағалаудың тек 52 адамның өлімімен аяқталған автобус өртінен кейін ғана қолға алынғаны өкініш тудырады.
Бұл осы салаға жауапты мамандардың жауапсыздығынан деп сенімді айтуға болады. Себебі, алыс сапарға шығар алдын көлік неге тексерілмейді? Жүргізуші неге талаптарды орындауға құлықсыз?
Сұрақ көп…Жауап мардымсыз!
Есесіне, күнделікті қаншама автобус, шағын автобус-тар, көліктер әлі де жолаушы тасымалдап жатыр?!
…Біздің өңірде жүргізіліп жатқан «Автобус» рейді 18 ақпанға дейін жалғасады.
Сондай-ақ, Ақтөбедегі жағдайдан кейін жолаушылар тасымалымен тек тапсырыс негізінде айналысатын автобустарға қатысты да талаптар күшейтіледі. ҚР Инвес-тициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек осылай сендіреді.

Оның айтуынша, жолаушылар тасымалы саласындағы апаттардың болуына көліктердің ескіруі басты себеп болып отыр екен. Автобусты пайдалану ережелерінің сақталмауынан да қайғылы оқиғалар қатарын көбейткен.

Жолаушылар бораннан да қорықпайды
Қазақстанның түкпір-түкпірін тұмшалаған қатты аяздан жер-жерде жолаушы тасымалдайтын автобустар мен жеңіл көліктер тұралап қалып жатыр. Осындай бір оқиға жақында Ақмола облысында тіркелді. Қатты аяздың салдарынан істен шыққан автобуста 150-дей жолаушы болған. Олардың бәрі де Қырғызстан мен Өзбекстан Республикаларының азаматтары. Жолда қалған жолаушыларға көмек көрсетілді. Астрахан ауданы аумағындағы «Алматы-Екатеринбург» тас жолының 114 шақырымында тағы бір автобус істен шыққан. «Оқиға орнына жеткен құтқарушылар мен тәртіп сақшылары автобустың Қырғызстанның Джалалабад қаласынан Мәскеуге бағыт алғанын анықтады. «Мерседес спринтер» автобусында 22 жолаушы болыпты. Олардың барлығы Қырғызстан Республикасының азаматтары. Жолаушылар Астрахан селосындағы орта мектепке жайғастырылып, ыстық тамақ және жатын орынмен қамтамасыз етілді.

Сол күні сағат 21:17-дерде Көкшетау қаласының маңында 22 өзбекстандық азамат отырған автобус та істен шығыпжүрмей қалып, шетелдік жолаушылар  облыс орталығындағы әлеуметтік бейімдеу орталығына жеткізіледі.
Ал, арада жарты сағат өткенде өзбекстандықтар мінген тағы бір автобустың істен шыққаны анықталды. Бұл автобуста Өзбекстанның 37 азаматы мен 2 жүргізуші болған. Олар облыс орталығындағы «Аламан» қонақ үйіне жайғастырылды.

Сонымен қатар, құтқарушылар 25 қаңтарда, түңгі сағат 00:30 Қырғыстанның 59 азаматы мен 4 жүргізушісі болған жолаушылар автобусына көмек көрсетті. Олардың барлығы Көкшетау қаласындағы әлеуметтік бейімдеу орталығына жеткізілген.
Жамбыл облысында да жолаушылар автобусы тас жолда тұрып қалды.

Техникалық ақауға байланысты автобус Мерке ауданы, Аспара ауылынан 15 шақырым жерде тоқтап қалыпты. Салонда Өзбекстанның 44 азаматы болған. Құтқарушылар сол жерге шұғыл келіп, жолаушылардың барлығы жақын маңдағы ауыл мектебіне орналастырылған. Бұл автобус Сарыағаштан Алматыға кетіп бара жатқан. 44 жолаушының барлығын сол күні кешке алматылық жұмыс беруші алып кетті.