«Ауылдағы ағайынның кәсіпкерлікке бет бұрғаны қуантады…»

652

«Жаңа күн» бағдарламасының кезекті қонағы «Отырар» телеарнасының редакторы Ардақ Жақсылықова:

– Күнгейдегі ауыл, ауылдарды аралап жүрсіздер. Жалпы ауылдардың жағдайы қалай?
– Жаңа жылдан бастап «Отырар» телеарнасында жаңа жобаны қолға алып отырмыз. Әзірге «Анығын айтсақ» бағдарламасының ішіндегі шағын ғана айдар, болашақта енші алып шығамыз деген ойдамыз.
Біз барған ауылдардың тыныс, тіршілігі тындырымды, керемет. Кентау қаласына қарасты төрт ауыл округі бар. Біз соның екеуіне Хантағы және Қарнаққа бардық. Әр ауыл округтің құрамына кіретін елді-мекендер бар. Мысалы, Қарнақ ауыл округінің еншісіне кіретін 6 елді-мекен бар. Оның әрқайсысымен жеке жеке танысқан жоқпыз. Тек орталықтарында ғана болып жатырмыз. Орталықта шоғырланған ауылдағы ағайынның тыныс, тіршілігімен танысып жатырмыз… Ауылдан шығып тәуелсіз еліміздің еңсесін тіктеп жүрген арда азаматтар бар. Әр ауылдың өзінің мақтанатын тұлғалары бар… Әр ауылдың өзінің алдына қойған мақсат, жоспарлары бар. Былтырдан бастап әр ауылдың өзіндік бюджеті бекітілді. Біздің басты жоспарымыз осы бюджеттің игерілуі болатын. Ауданға жалтақтамай ауылдағылар ол ақшаны қалай жұмсайды деген сауалдармен ауылдарды аралап жүрміз. Ауыл әкімдерінің алдына қойған жоспарлары тың. Бірақ қаржы шектеулі. Жетпейді. Бір ғана Қарнақ ауыл округінде мысалыға алар болсақ, 305 миллион теңге өз бюджеті болса, сіз бен біз ауылды көркейтуге, жарық тартып, көшені жөндеуге жұмсалса өте керемет, ауыл көтеріліп қалады деп ойлайсыз ғой. Бірақ сол қаржының басым бөлігі жалақыға жұмсалады. Ауылдағы балабақша тәрбиешілерінің, мектеп мұғалімдерінің жалақысы… Басты айтып өтер мәселе ауыл әкімдері өте жасқаншақ. Камерадан қорқады. Журналистер оларға тексеруші орган сияқты. Журналистердің қандай да бір мекемені барып тексеруге құқы жоқ екені белгілі. Қадағалаушы орган да емеспіз. Біз халық пен билік арасындағы алтын көпірміз. Қарлығаштың қанатымен су сепкендей жәрдеміміз тисе деген ізгі ниетпен ауылдарды аралап жүрміз… Бүгінде ауылдағы ағайынның кәсіпкерлікке бет бұрғаны қуантады. Оңтүстікте 181 ауыл округі бар, 900-ге жуық ауыл бар. 900 ауылдың ішінде ең «Үздік ауыл» аталымын жеңіп алған Шолаққорған ауылы туралы «Анығын айтсақ» бағдарламасында арнайы түсірілім жасадық.
– Ауылдарда жарық, табиғи газ мәселесі шешілген бе?
– Жолына қарап елдің әлеуметтік, экономикалық жағдайын білуге болады. Әзірге шұңқыр, тесігі көп жол көрген жоқпыз. Жарықтандыруға келсек бағана тартылмаған көшелер әлі де бар. Әкімдермен сұхбат барысында биыл тартылады деген уәдесіне сеніп қайттық.