ОҚО-да модульді құрамалы 20 медициналық пункт пайдалануға берілді

510

Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысында елімізде алғаш болып қолға алынған модульді құрамалы 20 медициналық пункт пайдалануға берілді. Шалғай елді мекендерге тиімді болып келетін бұл  медициналық тіректің бір ерекшелігі оның құрылысының 2 айда аяқталуында және бюджет қаражатынының тиімді жұмсалуында болып отыр.

Осындай құрастырмалы-қаңқалы модульдік конструкция әдісімен салынған денсаулық сақтау нысаны Сайрам ауданының екі елді мекенінде тапсырылды. Бұдан бөлек, осы күні Бәйдібек ауданында -3,  Түлкібас ауданында – 2 және Сарыағаш өңірінде 13 медициналық тірек пайдалануға берілді.

Ашылу салтанатына қатысқан Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж.Түймебаев халықтың денсаулығын сақтау – мемлекет үшін аса маңызды мәселе болып табылатынын айтып, Елбасы биылғы Жолдауында денсаулық сақтау ісіне баса назар аударғанын жеткізді.

«Басты құжатта Мемлекет басшымыз тиімділігі аз және мемлекет үшін шығыны көп диспансерлік ем қолданудан негізгі созылмалы ауруларға алыстан диагностика жасап, сондай-ақ осы саланы амбулаторлық емдеу арқылы басқаруға көшу қажет екенін атап өткен болатын. Яғни, медицина мекемелері озық медициналық құрал жабдықтармен қамтамасыз етіліп, дәрігерлер халыққа сапалы қызмет көрсетуі тиіс.

Осы бағыттағы жұмыстарды жандандыру мақсатында облыс әкімдігі тарапынан тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Мәселен, медициналық тіректердің құрылысын жүргізуге модульдік конструкция үлгісі ұсынылып отыр. Модульдік конструкцияны құрастыру тәсілі уақытты және бюджет қаражатын тиімді жұмсауға оң әсерін тигізеді. Осындай медициналық тіректе науқастарға бірінші медициналық санитарлық көмек көрсетілетін болады»,-деді әкім.

Айта кетейік, Сайрам ауданына 2018 жылы осы үлгідегі 5 медициналық тірек сатып алынып, ауданның денсаулық сақтау нысанына деген мәселесін 100 пайызға шешу жоспарға қойылып отыр. Сондай-ақ, Ақсукент ауылында ауысымына 500 келушіге арналған емхана құрылысы салынуда. Бұдан бөлек, ауданға компьютерлік томограф сатып алынып, инсульт орталығын ашу жоспарланып отыр.

Жалпы облыста жыл соңына дейін модульді құрамалы тағы 47 медициналық пункт тапсырлатын болады. Алаңы 125 шаршы метрді құрайтын, медициналық құралдармен жабдықталған модулдік конструкцияның құны 30 млн.теңге.

Ал, 2017 жылы облыс бойынша 33 денсаулық сақтау нысаны пайдалануға берілді. Жалпы Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша 846 медициналық нысан бар болса, оның ішінде  225-і медициналық тірек болып табылады.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі