Тұрғындар электронды есептеуіш құралдарына күмәнмен қарайды

739

Тұрғындар тұтынылған жарықты есептейтін электронды есептеуіш құралдарына күмәнмен қарайды. Кей абоненттер «Оңтүстік Жарық Транзит» мекемесінің инвестициялық бағдарламасы аясында жасалатын модернизациялық жүйеге қарсылық танытып отыр.

Арнамызға арыздана хабарласқан шымкенттік абоненттер бұл жұмыстар бізге шығын келтіруі мүмкін дегенді айтады. Алайда тиісті шаралардың мекеме есебінен атқарылатынына сендірген мамандар заманауи жүйе көптеген кедергілерді жоятынын алға тартады.

Тұрғындар «қосымша есептеуіш құралдарын орнатса, қалтамыздан қағыламыз ба» деп қауіптенеді. Халық техникалық қызметке төлеп, орталықтандырылған есептеуіш құралына қосылу шығыны да абоненттерден алынбасына кім кепіл дейді.

Марина Торниенко, тұрғын: «Бізге есептеуіш құралдарын тегін орнатамыз дейді. Бірақ, құрылғыны орнатқанмен оны пәтерге жалғау біздің мойнымызда. Автоматты сыртқа орнатамыз дейді. Оны кім бақылайды? Әлдебіреулер құрылғыларды бүлдіріп кетсе, тағы да жарықсыз отырмаыз ғой».

А. Байтұрсынов көшесіндегі көпқабатты тұрғын үйлердің бірінде тұратын Гүлдана Жолыбекова мамандардың жаңаша жүйені халыққа етене түсіндіру үшін кездесу ұйымдастырғанын айтады. Онда жауаптылар модернизациялық шара жарықты ұрлап тұтынатындардың жолын кеседі деп түсіндірген. Тағы бір артықшылығы, бұдан былай бақылаушылар есептеуіш құралдарының көрсеткішін жазу үшін пәтерге кірмейді делінген.

Гүлдана Жолыбекова, тұрғын: «Бізге жаңа трансформатор қойып береміз деді, желілерді ауыстырып, әр подъездге лампалар орнатып береміз деген соң келісім беріп, қол қойдық».

Мамандар автоматты есептеуіш құралдарын орнату үшін тұрғындардан тиын да алынбайды деп отыр. Модернизациялық жүйе бойынша есептеуіш құралдары спутник арқылы бақыланады. Қызметті төлемей-ақ тұтынатындарды құрықтауда да тиімді тәсіл осы. Демек, инженерлердің пайымдауынша жаңа жүйе абоненттерге пайдасы болмаса зияны жоқ.

Жора Сәрсенбева, учаске инженері: «Ешкімнен ақша жиналмайды. Өзіміз орнатамыз. Пәтерлердегі есептеуіш құралдары тұра береді. Оларды алмаймыз».

Сала мамандары заманауи жүйені қолдамайтындардың дені көбіне жарықтың ақысын төлеуде құйтырқылықтарға баратындар дейді. Айта кетейік, Шымкенттегі көпқабатты тұрғын үйлердің 25 пайызы модернизациялық жүйеге көшкен. Тұрғындарының тең жартысынан көбі автоматты есептеуіш құралдарын орнатуды қолдап келісім берген А. Байтұрсынов көшесіндегі көп қабатты тұрғын үйлерде бұл жұмыстар наурыз айында басталады.

Мақпал Рысбаева