Тексеру комиссиясының экс-қызметкерлеріне сот үкімі шықты

1126

ОҚО ревизиялық тексеру комиссиясының экс-төрағасы Сырым Шалабай мен ревизиялық тексеру комиссиясының бұрынғы бас аудиторы Біржан Құдияровқа қатысты сот үкімі шықты.

Екеуі де алдын ала адамдар тобымен сөз байласып ірі көлемде пара алуға оқталғаны үшін айыпты деп танылды. Шалабай Сырым мен Құдияров Біржан 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Мемлекеттік қызметтен шеттетілді. Сот екеуіне 176 мың 760 теңге көлемінде сот шығындарын өтеуге міндеттеді. Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.

Өткен жылдың шілде айында Шалабай мен Құдияров жемқорлықпен күрес ұлттық бюросының қызметкерлерімен 7 млн теңге пара алып жатқан кезінде ұсталған болатын. «Жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы бойынша бөлінген қаржыны тексеру кезінде акт түзіп беру пиғылында қомақты қаржы алған.

БАҚ өкілдерінің Шымкент қаласы әл-Фараби аудандық соты мен ОҚО сотының баспасөз қызметіне қанша хабарласқанына қарамастан сот үкімі тілшілерден таса оқылған.