Өндірісі өрге өрлеген өңірімізде бұрын соңды шығарылмаған өнімдер өндірілуде. Картон қағаздарын бұрын тек қана шеттен сатып алатынбыз. Енді отандық өнім осы олқылықтың орнын толтырып отыр. «Оңтүстік» индустриалды аймағында орын тепкен картон шығаратын зауыт бүгінде қарқын алып келеді. Ашылғанына жылдан асқан зауытта өнім өндіру артқанымен түйіні тарқатылуы тиіс проблемалары да жоқ емес.

Картон қағаздардың басым бөлігінің төркіні Қазақстан емес. Шетелдік өнім-тін. Бұрын. Бүгінде өңірімізде қағаз қалдықтарынан картон шығару ісі қарқынды даму үстінде. Жобаның жалпы құны 200 млн теңгені құрайды. Кәсіпорын жылына 4 мың, ал айына 350 тонна өнім шығаруға қауқарлы. 1 тонна 200 келі қағаз қалдығынан 1 тонна картон өнімі өндіріледі.

Сәкен Ташназаров, зауыт директорының орынбасары: «Шикізат өзіміздің қаладан келіп жатыр, Қызылорда, Астанадан алып жатырмыз. Өзбекстанмен шекара ашылғалы бері шикізат қиындап бара жатыр. Жоғарыдан көмек болса. Келешекте ақ қағаз шығаруды жоспарлап отырмыз. Бір жағын ақ, екінші бетін қара шығарамыз деген жоспарымыз бар. Соңғы әлетте шикізат қымбаттап кетті. Бұрын шикізаттың бір келісі 30 теңге еді, бүгінде 40 теңгеден қабылдап жатырмыз».

Әзірге зауыт шикізат тапшылығын тартып отырмаса да, жуық арада бағаның тағы да қымбаттап кетуінен қауіптенуде. Меншіктеріндегі 5 көлікпен макалатура тасымалдаса, өздері әкеліп өткізетіндер де бар екен. Дегенмен шетке шығарылып жатқан қағаз қалдықтарына шектеу қойылса деген өтінімдері бар.

Қанат Ерғалиев, бас машинст: «Станок қытайдыкі, алғашқы кезде бізге қытайлар келіп 1-1,5 ай көрсетіп үйретті. Ары қарай өзіміз істеп жатырмыз. Ескі қолданылған қағаз қалдықтарын қайта өңдеп жасап шығарамыз. Бәрін тазалап дробилкамен езіп, жуып, шайып арнайы цилиндрде кептіріп өңдеп, таза өнім өндіреміз. Тапсырысқа байланысты біреуі 50 см болса, біреуі басқа өлшемге тапсырыс береді. Соған орай жасап береміз».

Бүгінде еліміздің біраз қалаларынан тапсырыстар түсуде. Кәсіпорын алдағы уақытта өз өнімдерін экспорттауға ниетті. Өзбекстан, Қырғызстан елдеріне өнімдерін өткізуді жоспарлап отыр.