Сұлу да қымбат спорт: конкуршыларды қайда дайындайды?

470

Сүйінші! Оңтүстікқазақстандық спортшылар конкур спортынан ұйымдастырылған турнирден алтын жүлдемен оралды. Алматы қаласында конкурдан ҚР кубогі үшін жарыста 2 бірінші орын, 3 екінші орын және жастар мен жасөспірімдер арасында өткен ҚР чемпионатында тағы бір алтын медаль олжалады.

Жүлдегерлердің бәрі де Оңтүстік Қазақстан облысының ұлттық спорт түрлерінен балалар мен жасөспірімдер мектебінің шәкірттері. Бұл — облысымызда 2007 жылдан бері қолға алынған конкур спорт түрі бойынша соңғы бір айдағы жетістіктер тізімі. 10 жыл бойы конкур спорты өңірімізде қалай дамып келді? Конкур спортын қолдайтындар мен тамашалайтындар бар ма? Бұл және тағы басқа сұрақтардың жауабын аталған спорт мектебіне барып, білдік.

Конкур – ат үстінде кедергілерден секіру. Ат спортының ішіндегі ең қызығы әрі көрермендер арасында кең танымал түрі. Ережесіне сай, жарыс арнайы конкур алаңында немесе манежде түрлі маршруттарға кедергілер қою арқылы жүргізіледі. Спортшы астындағы арғымағымен сол кедергілерді құлатпай, секіріп өтуі тиіс. Әр бағытта 8-ден 15-ке дейін кедергі қойылады. Биіктігі 100 см-ден 180 см-ге дейін жетеді. Шабандоз жүру тәртібін сақтап, тек сызба көрсетілген ретпен ғана кедергілерден секіруі керек. Өту уақытын асырса, жылқысын көндіре алмаса, кедергілерді қағып, құлатса, жылқы, не шабандоз құласа, айып ұпай тағайындалады.
2007 жылы Шымкентте ұлттық спорт түрлерінен балалар мен жасөспірімдер мектебі ашылып, сол жерде конкур бөлімі өз жұмысын бастады. Мектеп директоры әрі қалалық мәслихаттың депутаты Ғани Ахметбаеватың айтуын-ша, басында қаржы жетіспеушілігінің себебінен осы спортқа бейімделген сәйгүліктер табылмай, талай қиындықтар туындаған. Бүгінде сол қиындықтың көбі артта қалғанымен, еуропалық деңгейге жетуге әлі уақыт керек екен.

Конкур – қымбат спорт
Ғани Молдабекұлының айтуынша, конкур бөлімінде голштин, тракен, украин міністік, буденный, ақалтеке, ганновер, орлов рысагы тұқымдас 10 жылқы бар. Барлығы да осыдан 5 жыл бұрын мемлекет қазынасынан бөлінген қаржы есебінен алынған. Содан бері келеді екен. Мектеп басшысы солардың орнына жас әрі саулығына зақым келмеген жаңа жылқыларға қажеттілік барын жасырмайды. Бәрі де қаржыға келіп тіреледі.

– Мемлекет тарапынан қолдау бар. 15-20 мың доллар тұратын жылқылар алып берді. Конкур спортына қызығатын демеушілеріміз де бар. Жаңа құрылғылармен қамтамасыз етті. Десе де аттардың Халықаралық жарыстарда жеңіске жетуге қауқары жоқ. Жақында Ташкенттің конкуршылары келіп, біздің тас-талқанымызды шығарып кетті. Неге? Өйткені олардың жылқылары 350-400 мың еуро тұрады. Спортшыға көп күш жұмсаудың да керегі жоқ, бар тірлікті жылқы өзі тындырады. Ал біз мемлекеттен сондай ақша сұрасақ, «қой, одан да бір балабақша немесе мектеп салайық» дейді. Сондықтан барға қанағат қылып жүрміз. Тиімді әдістердің бірі – жалға алып, жұмыс істеп жатырмыз. Нағыз конкур спортына бейімделген, мықты жылқыларды иелерінен жалға алып, дайындаламыз, жарыстарға қатысамыз. Егер жарақат алса, иесіне қайтарып, орнына басқа ат аламыз. Тағы бір мәселе, мамандар өзіміздің спортшылардан шығып жатыр, олардың да білетінінен гөрі білмейтіні көп. Шетелдік мамандар көп ақша сұрайды, — дейді Ғани Ахметбаев.
Былай қарасақ, конкур расымен қымбат спорт түрі. Мәселен футболшылар жарысқа бару үшін дорбаларына доптарын салады да кете береді. Ал жылқымен байланысты спорт түрлерінде спортшы ешқашан жалғыз жүрмейді. Жылқыны өзімен бірге алып жүреді. Оларды тасымалдау үшін арнайы ұшақ керек. Оның күтімі бар деген сияқты. Сонымен қатар, мал дәрігерінен бастап ат күтушіге дейін ертіп алатыны бар.

Конкуршылардың көбі – қыздар
Ұлттық спорт түрлері мектебіндегі конкур бөлімінде 40 спортшы бар. Олардың 80%-ы – қыздар. Мектеп директорының айтуынша, бұл спорт түрімен шұғылдану үшін төзімді болу керек. Ал қыздардың бойында бұл қасиет басымырақ екен. Айта кетейік, конкур спортына баланы 8 жасынан қабылдайды. Басты талап, спортшы атты сезініп, оны жақсы көруі керек. Ең алдымен физикалық тұрғыдан дайын болуы қажет. Қатысу тегін. «Жасөспірімдер мектебі болғандықтан спортшыларды 22 жасқа дейін оқытамыз. Бірақ сол жастан асып кетсе де дайындай береміз», — дейді Ғани Ахметбаев. Конкур бөлімінде 1 әдіскер, 3 жаттықтырушы бар.

Конкур бөлімі соңғы жылдары жақсы нәтижеге қол жеткізетінін ел көріп жүр. Шыңғыс Маликаджар, Нұрила Тұрысбекова, Екатерина Орловская, Абылай Маликаждар, Согдиана Ашим, Бибігүл Байдар сынды шәкірттері түрлі биіктерден көріне білді. Бұл ғана емес, мектеп басшылығы тағы бір жағымды жаңалығымен бөлісті. Конкуршы қыз Нұрила Тұрысбекова биыл Аргентинаның астанасы Буэнос-Айресте өтетін ІІІ жасөспірімдер арасындағы жазғы олимпиадалық ойындарға лицензия жеңіп алған. Соны толығымен растау үшін осы спорт түрі дамыған шет елдердің біріне барып, жарысқа қатысып, жеңіске жетуі керек. Бағы жанып, бабы келісіп, бірінші орыннан көрінсе, Нұрила Аргентинаға олимпиадаға аттанады. Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда конкур спорты бойынша жасөспірімдер олимпиадасына жолдама алған ешкім болмаған.

Нұрила Тұрысбекова, конкуршы:
«Жасым 16-да. Конкур спортына 12 жасымда келіп, соңғы екі жылда үлкен жарыстарға шығып, жақсы нәтиже көрсетудемін. Аттарды қатты жақсы көремін. Өзімнің үш сәйгүлігім бар. Мақсатым — лицензиямды толық растап, олимпиадада бағымды сынап көру. Болашақта мал дәрігері болғым келеді»

Екатерина Орловская, конкур жаттықтырушысы:
«Бұл спорттағы басты керек дүние – жылқы мен спортшының бір-бірін түсініп, сезінуі. Егер бұл болмаса, ешқандай нәтиже де болмайды. Біздің барлық спортшылар кем дегенде бір жылқымен 6 ай дайындалып, сол арғымақпен жарысқа шығады. Осы спортқа келген күннен бастап бір жылқымен ғана өнер көрсететіндер де бар. Аттарын еркелетіп, арсында сөйлесіп тұру керек. Спортшылар аптасына 6 рет жаттығады. Конкур жылқысының күтімі де еркеше болады. Рациондарын да күнделікті қадағалайтын ат күтушілер бар. Бізге бірден осы спортқа бейімделген сәйгүліктер алып бергендіктен оңай тиді. Тек қадағалап, сол қалпынан тайдырып алмау керек. Жылқы жоғарыға көтерілген кезде аяғына 3 тонна, ал жерге қонған кезде 6 тонна салмақ түседі. Сондықтан аяқтары ісіп қалады. Соны өзінің әдістерімен емдеп-жазатын ат күтушілер бар. Ал аттың жеміне келсек, сұлы, арпа, дәрумен ретінде сәбіз, қарбыз, алма, йодталған тұз береміз. Спортшылардың тамақтануына шектеу жоқ. Тек жаттығу немесе жарыстан 1,5 сағат бұрын тамақтанып алу керек. Содан кейін рұқсат етілмейді. Киімдеріне келсек, үстіне жағасы ақ түсті ашық түсті жейде, үстінен күңгірт түсті редингот, яғни костюм, астына ашық түсті бриджи (балағы тізеден төмен тарылатын шалбар) және міндетті түрде етік кию керек. Атты да ер тоқым, айыл, жүген, аяққаптан сынды міндетті құрал-жабдықтарынан бөлек, өз қалауына қарай сәндеп киіндіруге болады. Аттың жалын өруге де рұқсат»

Согдиана Ашим, конкуршы:
«Ақ аттарды жақсы көретін едім, атам сол үшін осы спортқа алып келді. Жылқыға деген махаббатымды сөзбен жеткізу мүмкін емес. Қазір 19 жастағы ақалтеке тұқымды «Тост» деген атым бар. Өзім күтіп, баптаймын. Жарыстарға тек сонымен барамын. Бұл спортта барлығы ұнайды, арнайы киетін киімдеріміз, жылқыны сәндейтін кез келген, кедергілерден секіру – барлығы тамаша»

Конкур бөлімінде білім алып жатқан спортшылардың төртеуі ұлттық құрамаға енген. «10 жылда деңгейіміз біраз өсті. Қазақстанда тек Алматы, Астана және Шымкентте ғана конкур бар. Басқа өңірлерде де қолға алынса, бәсеке болып, тартысты жарыстар жиі ұйымдастырылатын еді», -дейді Ғани Ахметбаев. «Бұрындары Астана, Алматы қаласының конкуршылары менсінбей қарайтын еді, қазір Астананы басып озамыз, Алматымен әр түрлі, бірде жеңіс, бірде жеңіліс, бірақ бастысы – біздің спортшыларды көрген кезде, сескеніп қарайтындары байқалады, біз оларды мойындаттық», — деп аяқтады әңгімесін мектеп директоры.

Әлия ӘДІЛБЕК