Бір парағы мәлім, мың парағы беймәлім тарих

873

Қаншама нәубетті бастан кешкен қазақтың өткені – мұңлы, үні – зарлы, жүрген жолы – азапты. XX ғасырдың 20-30 жылдарындағы аштық пен қуғындау қалың қазақты қынадай қырып, қаймақтарымызды сыпырып кетті.


Қазаққа қасірет әкелгені – ұжымдас-тыру болды. Ұжымдастырудың соңы қазақтың қолындағы бар малын, қапшықтағы астығын тартып алуға ұласты. «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген ұран аясында астыртын саясат басталды. Әуелі тек байлардың малын тартып алған науқан ақыры тігерге тұяқ қалдырмады. Бұл аздай жұт келіп қосылды. Бірі екіншісінен асып түсетін нәубет қазақтың тоз-тозын шығарды.
Ел алдында жүрген қайраткер-леріміз елге хабар айта бастады. Үндеу жазылған газеттер қазақ даласына тарады. Ұлттың бас көтерер азаматтары халықтың рухын көтеріп, елге хабар айтып жатқаны НКВД-ға күнбе-күн жетіп жатты.

Ел тағдырына алаңдаған ұлт жанашырларының бұл әрекеті өкіметке ұнамады. 30-40 жылдардың қанды шеңгелі бас көтергеннің бәрін бүріп ұстады. «Халық жауы» деген желеумен қуғындау басталды. Атылатыны атылып, қалғаны итжеккенге айдалып кете барды. Сол кезде тек қана сүт бетіне шыққан қаймақтар ғана емес дін өкілдері де қуғындалды.

Шәкәрім қажының да тағдыры аянышты. Қытайға қашырып жіберген бір баласын НКВД алдырып, аттырып тастаған. Енді бір жалғызы 3 рет түрмеге айдалып, әзер аман қалған.


1931-33 жылдың аштығында «Түркістан мен Кентаудың арасында көктемгі көк шыққанда адам сүйегінен шөпті көру қиын болды» деген деректер бар. Елдің бәрі Түркістанға жөңкілген. «Сонда жетіп, Әзірет Сұлтанның маңына барсақ, аман қалармыз, пойызға мініп қашып құтылармыз» деген әлсіз үмітпен ағылған. Сол уақытта Түркістанда өлген адамдардың сүйегін көму үшін арнайы комитет құрылған. Аштықтан әлсіреген жұрттың өз үйіндегі адамды көмуге шамасы болмаған. Адам аштықтан өлер кезде ісініп кетеді екен. Сол комитет адамдарды арбаға тиеп апарып, көміп отырған.

Қуғындалғандар қайда ұсталды?
Облыстық саяси қуғын-сүргін құрбандары музейіндегі деректерден білгеніміз – қазіргі Шәмші Қалдаяқов гүлзарының орнында, бүгінгі Айна базарының маңында түрме болған көрінеді. Қуғынға ұшырағандарды сонда апарып тергепті. Әр саусағының тырнақ астына ине тығып, азаптаудың сан түрін қолданыпты. Мұндай азаптауға түскендердің дені өздерін не үшін тергеп жатқанын да түсінбеген. Нақақтан-нақақ жабылған жаладан бөлек, тергеуді басқа тілді тергеушілер жүргізген.

«Жапон тыңшысы» деген жаламен атылып кете барғаны қаншама…Мысалы, Бәйдібек ауданында бір қойшының өкіметтен жасырын тыққан қойлары болыпты. Бір үңгірге жасырып, түнде жем-шөбін, суын беріп, күндіз үйіне қайтып келеді екен. Соны біреу көріп қойып, НКВД жендеттеріне астыртын хабар берген. Олар «Сен Жапонияға барып келіп жүрсің бе?» деп тергеуге алғанда, қойшы: «Әлгі үңгір Жапония аталады екен» деп қол қойған. Аудан қайда, Жапония қайда? Сөйтіп атылып кеткен. Ақылға қонымсыз айыптаудан жазықсыз жапа шеккен жұрттың саны көп.

«Албастысай» атауы қайдан шыққан?
Қаламызда атауы ызғарлы «Қайтпас» атты мекен бар. Бұл түсінікті де. «Қайтып оралмайды, келмеске кетіп бара жатыр» деген мағынада ғой. Қуғынға ұшырағандар осы «Қайтпас», «Албастысайдан» басталып бүгінгі Таскен, Тассай шағынауданына дейінгі аумақта атылған. Кезінде №18 шағынауданда тұрғын үйлер салу үшін жерді қазғанда қатталып жатқан адам сүйектері шыққан. Бастарына қадалған гильзаларына дейін сақталып қалыпты. Оқ шығындамас үшін басынан тақап атқан екен. Бірінің үстіне бірін лақтырып, көміп тастай берген. «Қара қарға» көліктерімен қай жерге дейін жетсе, сол жерге апарып атқан.


«Албастысай» деп аталуы да тегін емес. Атылған адам жаны бірден шықпай, қансырып, өлімші халде жатады. Ыңырсып, айқайлаған жалынышты үндерін естіген жұрт арасында «Шайтанның дауысы шығып жатыр, албасты бар» деген аңыз тараған. «Албастысай» атауы содан қалған.

Оңтүстікте 4001 адам атылған
ОҚО саяси қуғын сүргін құрбандары мұражайының қорында он үш мыңдай тарихи құжат бар. Көбісі «Халық жауы» атанып, атылғандарға тиесілі. Бұл тізім жылына 10-15 адамға толығып жатыр.
Музей қызметкерлерінің ОҚО ІІД-іне тікелей шығып, дерек сұрата алар құзіреті бар. Сол арқылы талай адам табылыпты. Музей қоры әлі де толығатын түрі бар. Өйткені кезінде «халық жауының ұрпақтары» деген сөзден қорқып, үреймен күн кешкендер бүгінде ата-балалары туралы деректерді сұратуда екен.

Музейге кіру билетінің құны:

Оқушыларға – 80 тг
Студенттерге – 100 тг
Экскурсовод алу – 300 тг
Фильм көру – 300 тг

Музей директорының орынбасары Гүлмира Серікбаева:
– Абайдың ұлы Тұрағұл Шымкентке келіп көз жұмған. Тұрағұлдың сүйегі қазіргі Қорғасын зауытының астында қалған. Сол Тұрағұлдың жалғызы Гүлбаданның туған қызы Айгүл Мүштарқызы Шымкент қаласында тұрады. Үнемі жиындарға шақырып тұрамыз.
Бұл – бір парағы ашылғанымен де мың парағы ашылмаған тарих қой. Қазақстан бойынша 1937-38 жылдары 120 мың адам қуғын-сүргінге ұшыраған. 113 мыңы еш кінәсі болмаса да сотталған. Соның ішінде «25 мың адам атылды» деген дерек бар. Ал «ОҚО бойынша 2 500 адам атылды» делінгенімен, нақты емес. Облыстық ішкі істер департаментінен алынған мәлімет бойынша 4001 адам атылған. Сұрау салып жүріп, анықталған нақты мәлімет осы. Бұл дерек еш жерде айтылмайды. Көбінесе «2500 адам атылды» деген әу бастағы мәлімет айтылып жүр. Тарихымызға құрметпен қарайтындар мұны да ескерсе екен».
Ұлт үшін жанын қиған боздақтарымыз туралы білер жұрт аз. Тарихшылар мен музейдегілер білмесе қалың бұқара мән-жайынан хабарсыз. Саяси қуғын-сүргін құрбандарының елеусіз қалып қоятыны көңілге қаяу түсіреді. Мектеп оқулықтарында да қалқып қана өтеді. Тереңдетіп оқытпайды. «Қазақ тарихында ойып орын алатын Алаш ардақтыларына лайық құрмет көрсетілсе» деген қалауымыз ғана бар.

Гүлжан ЖҰМАШ