Кезекші бөлімнің қызметі қауырт

857

Кезекші бөлім – ішкі істер органдарының ең маңызды қызметтерінің бірі. Ол жерде тәулік бойы халықтан түсетін хабарламалар қабылданады. Кентау қалалық Ішкі істер бөлімінде болған қызметтік іссапарымызды ең алдымен кезекші бөлімнің жұмыс барысымен танысудан бастадық. Ондағы кезекші полицейлерден бір тәуліктің ішінде нендей жағдайлар тіркелетінін және қандай жедел шаралар қабылданатынын білуге тырыстық.

Сонымен, таңғы сағат 8.30-да кезекші бөлімге кіргенімізде, алғашқы қоңырау қалалық орталық ауруханадан түсті. Онда 25-30 жас шамасындағы ер-азаматтың орташа ауырлықтағы дене жарақаттарымен түскені туралы айтылды. Хабарламаны қабылдай сала кезекші полицей жедел жоспарлау орталығына жолдап, ал жедел тергеу тобы тез арада ауруханаға қарай аттанды.

Осы сынды хабарламалар кезекші бөлімнің «102» сымтетігіне бірінен соң бірі дамылсыз түсіп жатты. Ал полицейлер дер кезінде шаралар қабылдап, өз жұмыстарын атқарумен болды.

Ал түскі сағат 14.00 шамасында кезекші бөлімге жергілікті тұрғын хабарласып, қаладағы мектептердің бірінің алдында кішкентай сәбидің жалғыз жылап тұрғанын айтты. Хабарламаны ала сала кезекші полицей жедел түрде сол аумақта жүрген жол-патрульдік полициясы взводына хабар жіберді. Сағат 14.10 кезінде тәртіп сақшылары 2 жас шамасындағы сәбиді Ішкі істер бөліміне алып келді. ІІБ-ге жеткізілген сәби бөтен ортаны жатырқап, тоқтаусыз жылады. Сол уақытта ЖППБ және ювеналды полиция қызметінің полицейлері балаға барынша қамқорлық танытып, бір полицей дүкенге қарай жүгіріп, тәттілер әкеліп, көңілін аулап жатты.

Содан бәріміз де телефонға телміріп, баланы сұрап хабарласатын қоңырауды күттік. Біздің бар ойымыз баланың жоқтаушысы табылса екен деген тілек еді. Түстен кейін сағат 16.30 шамасында бөлімге сәбидің анасы келді. Ол полиция қызметкерлеріне баласын басқа да көршілердің балаларымен бірге сыртқа ойнауға шығарғанын, артынша оны таппай қалғанын жеткізді. Бізді оның екі сағаттан аса баласын іздемегені таң қалдармай қоймады. Полицейлер баланың анасына тиісті құжаттарға қол қойдырып болған соң, баланы қараусыз қалдырмау керектігін қатаң ескертіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Ең бастысы, сәбидің анасымен аман-есен қауышқаны бізді қуантып тастады.

Жалпы, осы бір тәулік ішінде Кентау қалалық ІІБ-нің кезекші бөліміне 30-дан аса хабарлама келіп түсті. Оның басым бөлігі қалалық ауруханадан болса, түнгі уақытта тұрғындардың тыныштығын бұзу, ұсақ бұзақылық сынды хабарламалар да жиі тіркелді.
Кезекші полицейлермен бірге болған жұмысымыздың соңында түсінегеніміз, халықтың полицияға деген сенімінің өте күштілігі еді.

Полиция қызметінің қым-қуыттылығына біз тағы да көз жеткіздік. Жергілікті тұрғындар қандай да бір қиындыққа немесе кедергіге тап болғанда, тез арада полициядан араша сұрап, арқа сүйейді. Бұдан халықтың таудай сенімін арқалап, қорған болып жүрген полиция қызметкерлерінің еңбегі орасан екені белгілі болады. Біз кентаулық полицейлерге қажымас қайрат пен таусылмас күш-қуат және жұмыстарына сәттіліктер тілеп, қош айтыстық.

Айгерім Рсмбетова