Комсомол мектебі Бауыржан Момышұлының атын иеленді

1062

Кеңестік дәуірдің келмеске кеткеніне ширек ғасырға жуық уақыт өтсе де сол кезеңдердегі атаулардан әлі де арыла алмай келеміз. Әсіресе жас ұрпақты білім нәрімен сусындататын мектептердің әлі де ескі атаулармен аталуы көңілге көлеңке түсіретіні де рас. Дегенмен олқылықтың орны түзетілуде.

Күні кеше Оңтүстік Қазақстан облысындағы бірнеше білім бесіктеріне белгілі тұлғалардың есімдері берілді. Қазақтың даңқты тұлғаларының есімін иеленген мектептердің қатары артып отыр.

ҚР Үкіметінің Оңтүстік Қазақстан облысының білім беру ұйымдарына атау беру және қайта атау туралы «ҚР əкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Қаулысы шыққан болатын. Осыған орай, «Мақтаарал ауданы білім бөлімінің «№120 жалпы орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне Сабыр Рахымовтың есімі, «Мақтаарал ауданы білім бөлімінің «№123 жалпы орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне Рахымжан Қошқарбаевтың есімі берілді. Сондай-ақ «Қазығұрт аудандық білім бөлімінің «Комсомол» жалпы орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі «Қазығұрт аудандық білім бөлімінің «Бауыржан Момышұлы атындағы жалпы орта мектеп» коммуналдық мемлекеттік мекемесі болып қайта аталды.

Айназ Бейімбет