Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші қон комитетінің ОҚО бойынша департаментінің басшысы Әсия  Темірбаева былтыр атқарылған жұмыстар мен келешекке түзген жоспарлары жайлы БАҚ өкілдеріне баяндап берді. Облыс бойынша мүгедектер саны 121 663 адамды құрады.

ОҚО мүгедектер саны бойынша республикада бірінші орында

Өкінішке қарай, облыс мүгедектер санымен республика бойынша бірінші орында  (республика бойынша мүгедектердің саны 662 мың дадамды құрайды).  3 млн-ға жуық  халқы бар өңірде мүгедектердің үлесі 4,2 пайыз.

Облыстағы жалпы мүгедек санынан 19194- бала мүгедек санаты қатарындағылар. 102 469-ы 18 жастан жоғары ересек мүгедектер. Балалар арасында мүгедектіктің басым бөлігі жүйке жүйесінің ауруларынан болған. Ал ересектер арасында қан айналымы жүйесі ауруларынан  қалыптасқан.

Зейнетақы мен әлеуметтік қамсыздандыру бойынша  департамент  тарапынан  11 мемлекеттік қызметтер аясында азаматтарға 172 мыңнан астам қызмет көрсетілген. Биыл 1-ші шілдеден бастап базалық зейнетақы жүйесіне  қатысу өтілі мен еңбек өтіліне байланысты тағайындалатын болады. Яғни, адам көп жұмыс істеген сайын, оның жинақтаушы және бюджеттік қаражат есебінен төленетін базалық зейнетақысы да көбірек болады.

Сонымен бірге өтіліне ынтымақты жүйеде  жинақталған өтілі, сондай -ақ зейнетақы жарналары төленген кезеңдері қосылады.  Базалық зейнетақы азаматтардың жалпы еңбек өтіліне қарай сомдалады. Егерде азаматтың өтілі 33 және одан да көп жылды құраса, оның базалық зейнетақы мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейі немесе 28 284 теңгені құрайды. 20 жыл өтілі болғанда  оның мөлшері 74  пайызды, 10 жылға дейін 54 пайызды құрайды немесе 15 274 теңге.

Мүгедектің оңалту шараларының орындалуына, әлеуметтік мекемелерде қызмет алушыларға  арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетулеріне мемлекеттік бақылау жүргізілген. Тексеру нәтижесінде 20 нысанға 2 836,3 мың теңге көлемінде айыппұлдар салынған.  Және де департамент тарапынан  мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жүріп тұруына жағдай жасау мәселесі де үнемі көтеріліп келеді.

Ең сорақысы, жаңа салынып жатқан нысандарда пандустардың, жеделсатылардың қарастырылмауы. Қоғамдық орындарда, мемлекеттік органдарда мүгедектердің жүріп тұруына жағдай жасау әрбір басшының міндеті.

Сондықтан да, егерде  мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жағдай жасалмағанын байқасаңыз, оларға дөрекілік көрсеткеніне куә болсаңыз, Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон қомитетінің ОҚО бойынша департаментінің сайтына хабарлаңыз. Сала мамандары сіздің арызыңыз бойынша тексеру жүргізіп,  кінәлілерді жауапқа тарту бойынша әрекет жасайды. Өз мүддеңіз бен құқығыңызды қорғауда белсенді болыңыз.