Шардара ауданында көгілдір отын мәселесі шешілмей келеді

427

Шардара ауданында жағажай туризмі жолға қойылса, келушілер қатары көбейіп, жергілікті халықтың жұмыссыздық проблемасы өз-өзінен шешілгелі тұр. Өткен жылды қорытып есеп берген аудан басшысы Болатбек Қыстауов осы бағыттағы жобаларды іске асырсақ, мың адамға екі қолға бір күрек табылар еді дейді. Аудан жұртышылығын асырайтындай жобаларды іске асыруға инженерлік-коммуникациялық жүйлердің жоқтығы кедергі болып отыр.

Шардара жағажай туризмін дамытуға сұранып-ақ тұр. Демалушыларға жағдай жасау үшін алдағы уақытта 255 гектар аумақта 60 нысан құрылысы жүргізіледі дейді аудан басшысы. Айтуынша, зәулім қонақ үйлер, яхт клуб, ресторандар, аңшылар және балықшылар үйі, аквапарк сынды ғимараттар бой көтереді. Қазір нысандардың құрылысын бастау үшін жер телімдерін алуға инвесторлар құлшынып отыр екен.

Болатбек Қыстауов, Шардара ауданының әкімі: «Туристік аумаққа тартылатын инвестиция көлемі 6,7 млрд. теңгені құрайды. Аталған жобаға инвесторлар қызығушылық танытуда. Бұл жұмыстар іске асқан жағдайда 1000-нан астам жаңа жұмыс орны ашылып, бірнеше нысан бой көтеретін болады. Нәтижесінде өңірге келуші туристердің саны 45 мыңнан асады деп жоспарлануда».

Балық шаруашылығын дамытуда да айтарлықтай жобалар бар. Ауданда қазіргі таңда 4 балық өңдеу зауыты жұмыс істеуде. Оларда жылына 4 мың тоннадан астам балық өнімдері өңделіп, оның дені алыс, жақын шетелдерге экспортталады. Алдағы уақытта қосымша балық өңдеу кәсіпорындары іске қосылады деп күтілуде.

Болатбек Қыстауов, Шардара ауданының әкімі: «Жобалық құны 200 млн. теңгені құрайтын өндірістік қуаттылығы 600 тонналық «Байтерек ББМ» ЖШС-ң «Балық өңдеу зауытының құрылысы бар. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының 70 пайызы аяқталған.»

Аудан басшылығы жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан табиғи отынның да түйіткілі биыл ағытыла бастайды деп сендірді. Бүгінде халықтың небәрі 17 пайызы ғана көгілдір газға қосылған. Жергілікті атқамінерлер алдағы үш жылда газдандыру жұмыстарын аяқтап, 16 ауылға табиғи отын жеткізіп береміз деп уәде етті.