Жеделсаты қауіпті болып барады

576

 «Жеделсатымыз жиі бұзылып, ішінде қалып қоямыз» дейді арнамызға шағымданған тұрғындар. Шамамен 30 жылдай бұрын берілген Темірлан тас жолы бойындағы көпқабатты үйлердің тұрғындары да, жаңадан баспаналы болған халықтың да жанайқайы бір. Жұртшылық лифт шаруашылығының өкілдеріне өкпелі болса, жауаптылар бар кінәні жедел сатыны дұрыс пайдалана алмайтын тұрғындарға жауып отыр.

Темірлан тас жолы бойындағы №1 «а»үйінің тұрғындары жедел саты апаттың аз-ақ алдында тұр дейді. Айтуларынша, жеделсатыны ауыстыруға да, күрделі жөндеуге де қара халық қауқарсыз. Қыруар қаражатты біз жинап бере алмаймыз дейді олар.

Сексеннің сеңгіріне шыққан Любовь Чирва сегізінші қабатта тұрады. Жиі сыр беретін жеделсатыны пайдалана алмай баспалдақпен түсіп шығамын дейді. Кейде ішінде қалып қоятын кездеріміз де болады деп кейіді кейуана.

Мемлекеттік бағдарламалар аясында берілген жаңа үйдің тұрғындары да лифт шаруашылығындағыларға өкпесі қара қазандай. «Нұрсәт» шағынауданы 31 үйдің тұрғыны Мерей Әбдіқадірова екі баламмен бірнеше рет жедел сатыдаға қалып қойдым дейді. Кішкентайларым қазір лифт десе қорқады. Сондықтан да көбіне жаяу түсіп-шығамыз дейді жас ана.

Қос үйдің де техникалық қызметі «Шымкенлифт» мекемесіне қарайды. Шаһардағы 80 шақты үйге қызмет көрсететін мекеме өкілдері бұл жәйттерден хабардар екендерін айтады.

Алайда, тұрғын үй қатынастары туралы заңнаманы алға тартқан мамандар жедел сатыны күтіп ұстау тұрғындарға жүктелген деп отыр. Айтуынша, лифт 5-6 жылдың ішінде күрделі жөндеуден өтуі тиіс. Оның шығынын да халық өтеуі тиіс екен.

Мамандар елімізде лифті құралдарын шығаратын зауыт жоқ, ал қаладағы соңғы орнатылған көтергіш құралдары Ресейден әкелінген деп отыр. Олардың сөзіне қарағанда, бөлшектердің қымбат болатыны да содан. Бір лифтіні орнату үшін шамамен 5 млн. теңге қажет екен. Ал істен шыққан құралды түгел жөндеу 120 мың теңгеге түсетін көрінеді. Сондықтан да лифт шаруашылығының сапасын көтеру үшін бәсекелестік ортаға берудің заңдық негіздерін саралайтын кез жеткен сыңайлы. Ал тұрғындар оған дейін жергілікті билік өкілдеріне иек артады.