Жер шетелдіктерге жалға да берілмейді

88
wow-card.kz

Жер шетелдіктерге сатылмайды. Жалға да берілмейді. Тіпті 1 пайыз шетелдік үлесі бар қазақстандық заңды тұлғаларға берілмейді. Керісінше жайылым жерлер көбейетін болды. Тоқырау жылдары ел төрт түлігін түлеткен жайылымды меншіктеп алғандардан мемлекет қайта сатып алатын болады. Ол үшін қаржы қарастыру көзделген. Осы және басқа да жер мәселесіне қатысты заң өзгерістері мен толықтыруларын облыстық жер қатынастарын реттеу басқармасының басшысы брифингте мәлімдеді.

Көптің көңілін күпті етіп алаңдатқан мәселеге осылайша нүкте қойылды. Жер шетелдіктің еншісіне берілмек түгілі, жалға алуына да тыйым салынды. 10 — шы мамырда ресми жарияланған «Жер туралы» заңға 106 өзгеріс- толықтыру және 1 жаңа бап енгізілді.

Ауылдағы ағайын үшін ең жағымды жаңалық, жайылым жерлер көлемі ұлғаятын болды. Күнгейде жайылым көлемі кем. Оңтүстікте 1 млн. 600 мың мал басы болса, оның 77 пайызы шет жайылымға жайылуы тиіс. Енді жаңарған заң талаптары бойынша мемлекет жекеден жайылымдарды кері сатып алатын болды.

Сөйтіп, төрт түлікпен тірлігін түрлендірген ауыл халқы үшін қолайлы жағдай жасалмақ.  Тағы бір жаңалық, жер комиссиясының құрамында 50 пайыз қоғамдық кеңестер мен ұйымдар өкілдері болады. Бұл жер беру тәртібінің барынша ашықтығын қамтамасыз етеді дейді құзырлылар.