Архивист мамандардың кәсіби біліктілігін арттыру — заман талабы

Архив қорын сауатты жасақтау маңызды

Бүгін Шымкент қалалық мемлекеттік архивінде «Рухани жаңғыру: Ашық қоғамға — ашық архивтер» тақырыбында Халықаралық семинар-кеңесі өтті. Іс шараға еліміздің Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда және Солтүстік Қазақстан облыстарының архивист мамандарымен қоса Польша және АҚШ елдерінен сарапшы мамандар қатысты.

Сала мамандары өзара тәжірибе алмасып, шеберлік сағаттарын өткізді. Қонақтарға ұйымдастырушылар Ұлттық тағамдардан дастархан жайып, концерттік бағдарламасын ұсынды. Конференция барысында ҚР Президенті архивінің директоры Борис Әлікенұлы Жапаров пен ОҚО әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков сөз сөйлеп, семинардың маңыздылығы жайында пікірлерін білдірді.

Семинар-кеңестің мақсаты — әлемдік озық-тәжірибені насихаттап, тәжірибе алмасу арқылы ынтымақтастықты нығайтып, архивист мамандардың біліктілігін артыру болып табылады.

Шетелдік мамандар  қазақ халқының салт дәстүрімен танысты

Семинар барысында «Цифрлық архив: архивтік ресурстарды басқару құралы ретінде» Польша Ұлттық естелік институты архивінің директоры Марзена Крук, «АҚШ-тың архивтік тәжірибесінен» Мэриленд университетінің профессоры Адам Крисберг дәріс сабақтарын өткізеді. Сонымен қатар,  шеберлік  сабағында ҚР Президенті Архивін жеке тектік құжаттармен толықтыру  мәселесі   бойынша  әдістемелік кеңестер  берілді.

Жоғары деңгейде ұйымдастырылған  халықаралық семинар-кеңестен соң шетелдік қонақтар  Түркістан қалалық мемлекеттік архивінің 30 жылдығына арналған іс шараға қатысады.