Атастыру – ата-ана ұйғарымы

105

қазақ халқы ұлының үйленіп, үй болып, қызының ұзатылған жеріне балдай батып, судай сіңуіне асқан жауапкершілікпен қараған. Екі жастың шаңырақ көтеруі тек алып-ұшқан сезімге құрылмауына да жіті мән берген. Олардың өмірлік жарын таңдауына ерік бермеген. Ұрпағының отау құруына баса ден қойғаны соншалық ата-ана баласына өмірлік серігін өздері іздеген. Сондықтан да ұлтымызда ертеден алдын-ала құдаласу дәстүрі қалыптасты. Мұны қазақ «атастыру» деп те атайды. Атастырудан жалғасатын құдаласудың бірнеше түрі бар.

Бел құда немесе құрсақ құда – өзара таныс-біліс, дос-жаран адамдардың әйелдері бірдей құрсақ көтеріп жүрген болса, ондай адамдар алдын-ала уәделесетін болған. Яғни, бірінен ұл, бірінен қыз туса, достар бел құда атанған. Егер балалар (ұл, қыз) жас болса, тіпті іште жатса да, ерте келіп сөз байласады. Мұндай адамдар көбіне бірін-бірі жақсы білетін, өте сыйлы дос кісілер арасында болады. Олар алдымен іште жатқан балаларын бір-біріне қосу туралы келіседі. Бұл атастырудың бір түрі.

Бесік құда – балалары бесікте жатқанда кейбір ниеттес адамдардың құдаласуын айтады. Бұлайша құдаласу орташа дәулетті адамдар арасында болып, берілетін қалыңмал мөлшері әдеттегіден едәуір төмен және қалыңмалды ерте бастан-ақ, ақырындап төлеп отырған.

Қарсы құда – бір-бірімен өзара қыз алысып, қыз беріскен қат-қабат құдаларды атаса, қарсы құдалықтың тағы бір түрі – қыз алған жақ қыздың қалыңмалын төлеуге шамасы келмесе, қалыңмал орнына өз жағынан бір қыз берген.

Құдаласудың бастауы — атастыру
Қазақ құдаласуының түп-тамыры көбіне атастыру ғұрпынан басталады екен. Сондықтан да «атас-тыру» дәстүріне қазірден мысал іздестіргенімізде, атастырудың сиреп, қолданыстан шет қалғанын байқадық. «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» сөзінің растығына көзіміз жетті. Әйткенмен қазір де арамызда «атас-тыру» дәстүрімен отбасын құрған отбасылар бар. Бірақ, аз. Тапқан кейіпкерлеріміздің оқиғасына өтерден бұрын, «атастыру» дегеніміз не, соған тоқталайық…

«Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі» энциклопедиясында: «Атастыру — қазақ халқының дәстүрлі ғұрыптық салты, қыз бен жігіт ата-аналарының өз балаларын бір-біріне үйлендіру жайында ақ ниет, жарқын үмітпен күні бұрын уәделесуі, жігіт атын қызға, қыз атын жігітке естіртуі» деп анықтама жазылған. Яғни, қыздың ата-анасы ұлдың ата-анасының тілегін қабылдап, өскенде қызын беруге келіссе, қыз бен жігіт атастырылған болып саналады.
Тарихшы Жамбыл Артықбаевтың дерегінше, «Атастыру» сөзінің түп мағынасы «байлау» дегеннен шығады. Бұл дегеніміз – екі адамды екі руды екі елді бір-біріне байлау.
Қазақ халқында атастыру ұл-қызы бар екі азаматтың «құда боламыз» деген ауызша уәдесі рулы елдің басшы ақсақалдарының ұйғарымы арқылы басталған. Салттың бұл түрін «келісім» немесе «уәделесу» салты деп те айтады.

Ертеде атастыру ғұрпында бірнеше маңызды ереже болған:
1. Егер атастырылып қойған жігітке атастырылған қыз ұнамай, ол басқа қызға үйленгісі келсе, онда жігіт жағы қыз жағына мал басы түрінде айыппұл төлейді.
2. Жігіт қыздың үйіне қалыңмалды төлеп болғаннан кейін бара алады.
3. Егер қалын малды төлемей, қыздың үйіне келсе, онда жігіттің қылығы әдепсіз болып есептеледі. Атпен келген жігіт кетерінде жаяу қайтады.
4. Жігіт қалындық төлеп болғаннан кейін, қыздың үйінде бірнеше апта немесе бір ай көлемінде бола алады. Бірақ қыздың үйінде тұрмай, өзіне шатыр тігіп алуы тиіс. Сосын ол қызбен тойға дейін жақындаса алмаған.

«Ата-анамыздың келісімінен аттап кете алмадық»
Бағлан мен Әлияның ата-анасы араларынан қыл өтпестей дос болған. Әрдайым бір-бірінің жақсылығын асырып, жамандығын жасырып жүрген адал достар перзент сүйерлерінен бұрын «қай-қайсымыз да ұлды не қызды болсақ, өзара құда боламыз» деп келіскен. Жаратқан ниеттерін қабыл етіп, екі отбасының бірінің тұңғышы ұл, екіншісінікі қыз болады. Әуелдегі келісім уәдеге ұласып, бесікте жатқан жерінен салт бойынша атастырылады. Жігіттің ата-анасы құдалықтың жөн-жоралғысын жасап, қалың малдың бір бөлігін алдын-ала беріп те қойған. «Екі бала бір-біріне жақын өссін» деген ниетпен оларды кішкентайынан бір балабақшаға, кейін бір мектепке беріп, өзара қамқор болулын қадағалаған.

– Біз балабақшаны да мектепті де бірге оқыдық. Бір сыныпқа бардық. Ешқашан бір-бірімізден ажырап қалмадық. Бұл ата-анамыздың қалауы болды. Бағлан екеуіміз 5-сыныпқа барғаннан-ақ біздің атастырылып қойғанымызды, басқаға мүлдем қарауға болмайтынымызды ата-анамыз үнемі құлағымызға құйып жүрді. Шынымды айтсам, Бағлан маған ағам сияқты болып кеткен еді. Біздің қарым-қатынасымыз достықтан гөрі туыстыққа көбірек ұқсайтын еді,-дейді Әлия.
Бағланды ағасындай көрген Әлия анасының сөзін ешқашан жерге тастамағанын айтады. Олар мектепті бірге бітіргеннен кейін екі бөлек жоғары екі оқу орнына түссе де салттан атамаған. Үлкендердің сөзін құлақтарына құйып өскен олар тіпті басқа адаммен отбасын құруды елес-тете де алмапты. Өзара араларында «бәлкім, қосылмай-ақ қоярмыз» деген секілді әңгіме де болмапты. Бұл олардың үлкенге құрметін білдірсе керек.

«Иә, «арамызда үлкен махаббат болды» деп айта алмаймын. Өйткені ағалы-қарындас сияқты едік. Бағланнан да бір ерекше сезім байқамадым. Уақыт зымырап өтіп, біз жоғары оқуымызды да аяқтадық. Осылайша 2016 жылы алдын ала келісімге сай, шаңырақ құрдық. Қазір бір сәбиіміз бар бақытты отбасымыз»

Осылайша өз өмірінің бір парағымен бөліскен Әлияның айтуынша, сезім жүре келе қалыптасады.
«Егер серігі өзі жақсы танып-білетін адам болса, отбасында кикілжіңдер де көп болмайды» деген Әлия бүгінгі өміріне өкінбейді.
Ең бастысы — уәдесінде тұрып, екі жасты қосқан ата-аналары бақытты. Екі әулет те бір-бірін ертеден таниды әрі жақсы көреді.

«жүрегімнің қалауын жасадым»
Ақбота есімді келесі кейіпкерімізді де ата-анасы достарының ұлымен бесікте жатқанында-ақ атастырған. Жігіттің әке-шешесі сол кезде-ақ Ақбота есейгенде тағатын алтын сырғасы мен жүзігін де әкеліп қойған.

«Атастырылған жігітім бар екенін 6-сыныпта оқып жүрген кезімде құлағым шалып қалатын. Анам нақты ештеңе айтпағаннан кейін «жеңгелерімнің қалжыңы» деп ойладым. Отбасында жеңге мен қайынсіңлі арасында мұндай әзіл-қалжың болып тұруы заңды ғой. Мән бермеппін де. Анам жеңгелеріме «құлаққағыс қылыңдар» дегеннен кейін олар маған солай айтып жүріпті. Неліктен екенін, олардың бұл сөзіне салмақты оймен қарамадым. Осылайша 8-сыныпқа барар жылы анам: «Жеңгелеріңнің сөзіне бей-жай қарама. Бұл рас сөз. Сен атастырылғансың. Саған басқа жігіттермен достасуға болмайды» деді. Төбемнен жай түскендей күйде болдым. Бірден үзілді-кесілді қарсы шықтым. Менің қалауымсыз, менің еркімнен тыс сондай әрекетке барғандары үшін ата-анама қатты ренжідім. Осылайша әке-шешемнен келісімдерін бұзуын талап еттім. Өйткені сыныптас жігітпен арамызда сезім бар еді. Біз қыз-жігіт болып достасып жүрген кезіміз еді»

«Бастапқыда осылай бұрқылдап, кейін сабасына түседі» деп ойлаған ата-анасы келісімді бірден бұзбайды. Ақботаны сабырға шақырып, уақыт өте келе атастыруды дұрыс қабылдайтынына сенімді болыпты. Бірақ, Ақбота айтқанынан қайтпаған.

«Арада алты айдай уақыт өтті. Олар күнде «ертеңмен» жүріп, мен атастырылған жігіттің ата-анасымен сөйлесуді кешіктірді. Мен ашуландым. «Атастырды» деген жігітпен өзім сөйлестім. Мен саған тұрмысқа шықпаймын. Өйткені жақсы көретін жігітім бар. Біз көптен бері біргеміз. Сондықтан да бұл дұрыс емес. Ал ата-анаңа «сырға-жүзігін алып кетсін» деп айт» дедім. Оның да жігіттік намысы бар. Менің сөзіме шыдап тұрсын ба? Сол күні кешкісін келіп, келісім бұзылып, сырға-жүзігін алып кетті. Алайда бәрі мен ойлағанымдай бейбіт түрде шешілмеді. Екі отбасының арасына іріткі түсіп, араздасып қалды»

Әйткенмен, Ақбота өкінбейді. Бар болғаны «ата-анам мұны дер кезінде шешпегеннен осындай жағдай туындады» деп ойлайды. «Атастыру дәстүрі бұрын болғанымен де қазіргі қоғамда керек емес» деп есептейді.

«Қазір заман басқа. Бұрынғыдай емес, қыздар да оқып, білім алады. Білімді. Күйеуге тимесе де өз күнін өзі көре алады. Бұрын қыздарда «отырып қаламын» деген қорқыныш болған. Және ата-анасына қарсы келмеген. Ата-анама қарсы шықтым демеймін. Қазір әр адамға өз өмірі үшін жеке өз пікірі маңызды. Сондықтан да шешіміме өкінбеймін»

Кейін Ақбота университеттің екінші курсында оқып жүргенінде сол өзі сүйген сыныптас жігітіне тұрмысқа шыққан. Қазір бір ұлы, бір қызы бар бақытты отбасы. Күйеуіне өзінің атастырылып, кейін ол келісімді бұздырғанын да айтқан. Айтуынша жолдасы да дәстүрдің бұл түріне қарсы.

P. S. Қадірменді оқырман!
«Атастыру» дәстүрі хақында сіздің ойыңыз қандай? Қолдайсыз ба, қарсысыз ба? Редакциямыздың байланыс телефонына қоңырау шалып, не электронды поштамызға хат жазып, WhatsApp нөмірімізге хабарласып, пікір білдіріңіз. Бұған қоса ұлтымыздың діңгегі – салт-дәстүріміздің бүгінгі көрінісіне қатысты оқиғаларыңыз болса, онда да бізбен бөлісіңіз.

Жанерке ХУМАР