Көшеде шыны жәшік ұстап, ақша сұрайтындар кім?

295

Жанашырлыққа – жан риза. Қасиетті Рамазан айында көмек сұрағанға жәрдем етіп, сауап жасайтындардың қатары артады. Қайырымдылық қорлары да белсенділік танытады. Көмек қолы шын мұқтажға жетуі үшін қайырымды істі қалай жасаған дұрыс? Көшеде садақа жәшігін ұстағанға, алақанын созып қайыр сұрағанға ақша ұстату жөн бе?

Шыны жәшік ұстаған жастар қалай ақша жинайды?
Кешкі сағат 20:30 шамасы. 1 курс студенті Әміржан Жұнайыдов қаладағы сауда орталықтарының бірінің алдында қолына шыны жәшік ұстап, ақша жинап жүр. Қасына жақындап, байқағанымыз – шыны тәріздес дене фиброзы диагноз анықталған сәбидің суреті жабыстырылған. Сырттай бақыладық. 10 минуттың ішінде бірнеше қала тұрғыны Әміржан ұстаған жәшікке мүмкіндігінше ақша салып жатыр. Ешқайсысы да «Ол қандай сәби? Ақша сәбидің анасының есеп шотына қалай аударылады? Бұл қандай қайырымдылық қор?» сынды сұрақтар қоймады. Түп-тегіне қызықпады. Содан бұл сауалдардың жауабын өзіміз естімекке сұрап көрдік. Білгеніміз — Әміржан досының кеңесімен осындай жұмыспен айналысып жүр екен.

Әміржан Жұнайыдов, студент:
«Қасиетті Рамазан айында бір сауап іс жасайын» деген оймен жүрмін. Науқас баланы да, оның анасын да танымаймын. Офисте осы жәшікті берді. Талабы бойынша, адамдар көп шоғырланған жерде 2 сағат жүріп, ақша жинауымыз керек. Қала бойынша 15 шақты бала жұмыс істейміз. Жәшік мөрленген, арнайы құлып салынған, сондықтан ішіндегі ақшаны ала алмаймыз. Ал ақшаны қайырымдылық қор жетекшілері өздері санап алып, науқастың анасының шотына жібереді. Ол жағына біз арласпаймыз»

«Әкімшілік те, мешіт те жәрдем бермеді»


Суреттегі — 7 айлық Асылжан Маханов. Суреттің астында «Үміт жарығы» қайырым-дылық қорының әлеуметтік желідегі парақшалары, телефон нөмірі және есепшотының, сондай-ақ Асылжанның анасының телефон нөмірі көрсетіліпті. Хабарласып, бүлдіршіннің анасымен тілдестік. Мекенжайын алып, үйіне бардық. Баланың анасы Гүлназ Маханова екен. Асылжан томпиып қана анасының аяғында отыр. Бір көзі жұмылып, дұрыс ашылмайды. Қозғалысы аз, дауысы шықпайды. «Ота жасатқаннан кейін осындай әлсіз болып қалды, бұрын ширақ, көңілді еді» деп түсіндірді анасы.
Гүлназдың айтуынша, ол – көпбалалы ана, жұмыс істемейді, жақында күйеуімен ажырасқан, балалары шешесінің қолында екен. Алиментке құжат жинаған кезде, отағасы ақша төлеуден бас тартыпты. Асылжан – алтыншы баласы. Осы дертпен дүние есігін ашқан.

Гүлназ Маханова, науқас баланың анасы:
–Баламның көзі нашарлап, тез арада ота жасату керек болды. Оны Ресейде жасайды екен, құны 85 мың рубль. Мұндай қаражат бізде қайдан болсын?! Сондықтан денсаулық басқармасына да, әкімдікке де, мешітке де өтініш жазып, қөмек сұрадым. Ешқайсысы қол ұшын бермеді. Содан үлкен қызымның сыныптастарының ата-анасымен құрған уатсапп тобымызға жағдайымды жазып, қолқа салдым. Сол кезде бір баланың анасы осы «Үміт жарығы» қайырымдылық қорының Шымкенттегі жетекшісі Алина деген қыздың нөмірін берді. Бірден хабарласып, оған да өз жағдайымды айттым. Олар баламның сырқаты көрсетілген құжаттардың электронды нұсқасын сұратып, тексергеннен кейін екіжақты келісімшартқа отырдық. Екі аптаның көлемінде шотыма алғашқы отаға қаржы жіберді. Енді тағы бір ота жасату керек. «Соған да көмектесеміз», — деді.
Әлімжанның жәшігінде көрсетілген қайырымдылық қорының телефон нөміріне бірнеше күн бойына хабарластық. Сөндірулі. Инстаграм парақшасына жаздық. Жауап жоқ. Содан Гүлназға хабарласып, қормен қалай байланысып жүргенін сұрадық.
«Өткен жолы біреуге нөмірін берген кезімде маған ұрысқан, бере алмаймын, алдымен рұқсат сұрайын, мейлі десе сізге жіберемін» деп тұтқаны қойды. Күттік. Сәлден соң нөмір жазылған хабарлама келді. Хабарластық.

Еріктілерге өтемақы төлейді
Бізбен қайырымдылық қордың Шымкенттегі жетекшісі Алина Тайғанова есімді қыз сөйлесті. Айтуынша, қордың Шымкенттегі филиалының құрылғанына небәрі 2 ай болыпты.

Алина Тайғанова, «Үміт жарығы» қайырымдылық қорының Шымкенттегі жетекішісі:
–ҚР заңына сәйкес тіркеуден өткенбіз. Қордың мақсаты – науқас балалардың жүзіне, олардың ата-анасына күлкі сыйлау, олардың да өздерін қоғамның бір мүшесі екенін сезінуіне септігімізді тигізу. Қаржы жинап, ата-ананың шотына аударамыз. Біздің еріктілер көшеде жәшікке ақша жинайды және кез келгені біз туралы толық ақпарат бере алады. Біз оларға жалақы төлемейміз, бірақ жұмыс уақытында кеткен шығынын өтеу үшін өтемақы төлейміз.

«Науқас атын жамылған алаяқтар көп»


Ал келесі кейіпкеріміз Наргиза Рашитова «қайырымдылық ақысыз, қайтарымсыз, өзіңнің сүйіспеншілігіңмен жасалуы керек» деп есептейді. Сонда ғана сауабы тиетінін айтады. Ол осыдан екі жыл бұрын құрылған «Клуб добряков» еріктілер тобының админі. Топ Инстаграм әлеуметтік желісіндегі парақшасы арқылы жұмыс істейді.

– Біреудің жоғалған құжаты туралы хабарландыру жариялаудан бастап, азық-түлік жинауға дейін көмек береміз. Бірақ ешқандай ақша жинаумен айналыспаймыз. Бізге көмекке мұқтаж жан немесе солардың танысы инстаграмдағы парақшамызға көмек сұрап, хабарлама жібереді. Біз оны мұқият тексеріп, расталса – өзіміздің парақшамызда жариялаймыз. Сонда жазылушыларымыз қолдарынан келгенше жәрдем ұсынады. Біз тек Рамазан айында емес, күнделікті қайырымдылық жасаймыз. 30 шақты еріктіміз бар. Бірақ осы қасиетті айда көмек қолын созатындар, қайырымдылық жасауға ниетті қала тұрғындары көбейеді. Бұған біз тек қуанамыз. Түрлі алаяқтарға алданып, бармақ тістеп қалатын жағдай да көп болды. Қазір де болып тұрады. Біреудің атын жамылып, науқастардың атын пайдаланып ақша табатындар көп. Әсіресе, әлеуметтік желілерде фэйк парақша ашып, қаржы жинайды, кейбір ата-ана баласына соншама қаржы жиналып жатқанынан бейхабар болған оқиғалар да анықталған. Мұны ешкім қадағаламайды. Ал қолдарына науқас баланың суреті жабыстырылған жәшіктерді ұстап жүретіндерге мүлдем сенбеймін. Себебі, біраз уақыт бұрын, еріктілермен бірге зерттеу жүргіздік. Нәтижесінде, түскен қаржының 10-20 пайызын өздеріне алып қалатынын анықтадық. Бұл – қайырымдылық іске жатпайды,- дейді Наргиза. Ол адамдарға мұқият болуды ескертеді.

дүкенде де шыны жәшік


Сапарымызды жалғастырдық. Спорт шағынауданындағы дүкендердің біріне кірдік. Мұнда кассир үстеліне арнайы шағын жәшік қойылыпты. Ақшаның кімге, не мақсатта жиналып жатқаны жайлы ақпарат жоқ. Тек қана «Садақа -Алланың қаһарын қайтарады» және «Оңтүстік Қазақстан «Тассай» қайырымдылық мекемесі» деп жазылып, мекеменің реквизиттері көрсетілген. Дүкен иесінен бұл жәшіктің не мақсатта қойылғанын сұрадық.

Ақарыс Сәлімхан (аты өзгертілді), дүкен иесі:
«Бұл мекеме ресми тіркелген не тіркелмегенін білмеймін. Сондағы ешкімді танымаймын да. Бір жас жігіт келіп, «медреседе оқитын балаларға жұмсалады» деп өтініш жасаған соң, қоюға рұқсат бердім. Бізге бұл жәшіктің тұрғанынан ешқандай қаржылай пайда түспейді. Ең бастысы – сауап жасау. «Өзгенің иығына жапқан шапан өзіңді де жылытады» деген мақсат қой біздікі. Жәшік тез толады, екі-үш аптада бір жинап алып кетеді»

Дәл сол уақытта жәшікке ақша салған қызды тоқтатып, «кім үшін, нендей мақсатта ақша салғаныңызды білесіз бе» деп сұрадым. «Кімге болса да пайдам тисін. Менікі ниет. Алла көріп тұр ғой» деп жауап берді де, кете барды.
Дүкеннен шығып, жол бойында шыны жәшік ұстаған тағы бірнеше жасты көрдік. Бірі жауап беруден ат-тонын ала қашса, ендібірі жүзін көлегейледі. Басқаларының айтатыны бірдей: «сауап үшін жасап жүрміз» деп жауап қайтарады.

Түскен қаражат мешіттің шығынына жұмсалады
Жол-жөнекей қолын созып, қайыр сұрап, сәбиін құшағына алып, халық аралап садақа сұрайтындарды жолықтыруға болады. Айлардың сұлтанында қалталары қалыңдап қалатыны рас.
–Өйткені халық бұл айда қайырымдылық жасауға асығып тұрады,-дейді Қаттани мешітінің бас имамы Бақдәулет Әбдірахманов. Алланың үйі саналатын мешітте де түрлі жәшіктердің қойылатынын білеміз.Солардың бірі – қайырымдылық қорлардың атынан қойылса, екіншілері – мешіттің өз жәшігі. Мұндағы қаржы қалай жұмсалатынын білу мақсатында Қаттани мешітіне бас сұқтық.

Бақдәулет Әбдірахманов, Шымкент қалалық Абдулхамит Қаттани мешітінің бас имамы:
«Иә, бізге «осындай жәшік қоюға болады ма?» деп өтініш білдіретін қорлар баршылық. Олардың тіркелген-тіркелмегенін тексеріп, содан кейін рұқсат етеміз. Олардың қаржысы бізге тиесілі емес. Ал біздің мешітте қойылған жәшіктердегі қаражат алдымен мешіттің коммуналды шығынына, кейін қызмет етіп жүргендерге, сосын мұқтаж жандарға жұмсалады. Сол қаржының үйлестірілуін қадағалайтын Бас мүфтиятта арнайы бухгалтерия бар. Комиссия мүшелері бар»

Қайырымдылықтың қайыры
Қайырымдылық қоры ретінде тіркелмесе де жыл бойына қайырымды іс жасап, жұрттың алғысына бөленгендер — «Бізбен бірге» еріктілер мектебінің жастары.
Жастар қалтасынан алып, ақша таратады екен деп қалмаңыз. Көмекқаржы жастардың қалтасында қайдан болсын?! Аз қамтылған отбасыларға азық-түлік тасып, қарттардың үйін тазалап, жылаған жетім балаларға жылы сөзін аямай жүрген еріктілердің жұмыстарына біз де, тұрғындар да куә. Топтың жетекшісі Ботакөз Ізтілеудің айтуынша, қазіргі қайырымдылық қорлар өз деңгейінде жұмыс жасамай келеді.

Ботакөз Ізтілеу, «Бізбен бірге» еріктілер мектебінің жетекшісі:
–Барлығының демеймін, бірақ көптеген қайырымдылық қорлары мен еріктілердің жұмысы «еріккендердің» тірлігіне айналып бара жатыр. Мақсаттары бір болса да, бір-бірін бәсекелес көреді. Сондықтан жүйелілік жоқ. Қайырымдылық қор – мектеп болуы тиіс. Өйткені ол да білім. Көшеде сол жәшік ұстап жүрген жастар болсын, олардың еріктілер жайлы білімі таяз. Сондықтан, халықта «еріктімін» дегенді естісе, «көшеде ақша жинап жүресіңдер ме» деген пікір қалыптасқан.
– Негізі көбісі қайырымдылықты физикалық, филантроптық, меценаттық деп түр-түрге бөліп жатады. Бұл дұрыс емес, ол түрге бөлінбейді. Қайырымдылық жасау үшін бай болу міндетті емес,-дейді Ботакөз.
«Ең бастысы – көмек қолын созуға деген таза ниет, әлеуметтік топтардың мәселелеріне аз да болса қолдау көрсету. Өз тәжірибемнен айтайын, қайырымдылықтың қайырын міндетті түрде көресіз», — дейді Ботакөз.

заңмен жазаланады
Қайырымдылық қор дегеніміз — көмекке мұқтаж адам мен қайтарымсыз жәрдем беруге дайын азаматтар арасындағы барлық ұйымдастырушылық міндеттерді мойнына алатын дәнекер деуге келеді. Қорлардың мақсаты – көмек беру болғанымен бағыттары түрлі болуы мүмкін. Мысалы жоғарыда байқағанымыздай, бірі – қарттармен ендібірі балалар үйімен, тағы бірі мүгедектермен жұмыс істесе, және біреулері аз қамтылған отбасылармен байланыс жасайды. Немесе белгілі бір аймақта қайғылы оқиға болса (мысалы көпқабатты үйде өрт шығып, тұрғындар панасыз қалса немесе елдімекенді су алса) көмек қорын жинау үшін құрылатын қорлар да бар. Бірақ олар жұмысын уақытша атқарады.
Десе де, барлық қор мемлекеттік тіркеуден өтуі керек екен. Ал мұны Әділет департаменті қадағалайды. Оңтүстік Қазақстан облысының Әділет департаменті басшысының орынбасары Балжан Әліпбектің берген дерегінше, облысымызда 155 қайырымдылық қоры мемлекеттік тіркеуден өткен.
– Егер мемлекеттік тіркеуден өтпеса, онда ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодекісінің 466-бабының талаптарына сәйкес, Заңнамада көзделген жағдайларда заңды тұлғаны, оның филиалдары мен өкiлдiктерін қайта тiркемей, қызметтi жүзеге асыру заңмен жазаланады,-дейді Балжан Әліпбек.

Ендеше, кез келген тұрғын ақшалай көмек жинайтын қорлардың атауын, тіркелген-тіркелмегенін, қаражаты қалай және қайда жұмсалатынын анықтап сұрауға құқығы бар. Айтпақшы, мақаланы әзірлеу барысында, отбасылық жағдайы төмен, көмекке зәру жандардың тізімін құрып ұсынатын арнайы бөлімнің жұмыс істейтінін де білдік.

Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің маманы:
«Рамазан айында пітір садақа бергісі немесе басқада қайырымдылық көмектер көрсеткісі келген жеке және заңды тұлғаларға Оңтүстік Қазақстан облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы облыс бойынша аз қамтылған отбасыларды ұсынуға дайын. Байланыс телефонымыз: 21-19-21».

Оразада «науқас балаларға» деп ақша жинап, ас беріп, балаларға киім-кешек, ойыншықтар апарып жүргендерді көрдік. Сауапқа кенелудің басқа да амалын ойлап тапқандарды кездестірдік. Мысалы, №65 бағыттағы жолаушылар автобусы қала тұрғындарын тегін тасымалдап жүргенін көзіміз шалып қалды. Автобусқа мініп, жүргізушісімен тілдескенімізде, ол мұның жыл сайын орындалатын үрдіс екенін және келесі жылы да жалғасатынын айтты.
Иә, қасиетті айда сауапқа кенелген дұрыс. Бірақ қайырымдылық жасау жылына бір рет мерекелерде ғана еске түсетін «маусымдық сипатта» болып қалмаса игі.

Әлия Әділбек