Миға қатерлі менингит

123

Менингит ауруына қатысты даурыққан жұрттың қатары күн өткен сайын қалыңдап келеді. Мәселен, Алматы қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына күніне 500-ден астам адам тексеруден өтіп жатыр. Тексеруден өткендердің 29-нан менингит анықталған. Олар ауруханаға жатқызылып, ем-дом қабылдауда. Өкінішке қарай, ауруы асқынған 4 адамды ажал құрығынан алып қалу мүмкін болмады. Алматыдағы жағдай күнгейліктердің де мазасын қашырды.

Әсіресе, перзенті үшін алаңдаған ата-ана баласын сыртқа шығаруға қорқып қалды. Әйткенмен Шымкент қалалық жұқпалы аурулар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Бақтығали Ережепов «алаңдауға негіз жоқ», — дейді.

– Алматыдағы жағдай бақылауға алынған. «Вирустық инфекцияның Оңтүстікте таралуы мүмкін емес. Бұған денсаулығы үшін алаңдап, тексеруден өтіп жатқандардың қатары көбейгенімен ешқайсысынан менингиттің анықталмағаны дәлел. Бізде бұл дерттің белең алуы байқалмайды. Жыл басынан бері 4 науқас түсті. Былтыр осы аурумен 3 науқас тіркелген. Олардың 2-і бала, 1-уі ересек. Барлығы да емделіп шықты. Дәл қазір тексеруден өтіп жатқандардан ауру анықталған жоқ. Десек те халық менингиттің қандай ауру екенін білуі және одан сақтануы керек,-дейді дәрігер Бақтығали Ережепов.

МИҚҰРТ БАЛАЛАРҒА ҮЙІР
– Менингитті ел ішінде «миқұрт» деп те атайды. Бұл миға қатер тудыратын дерт. Көбіне көктем-қыс айларында белең алады. Өйткені, осы мезгілде адамның иммунитеті нашарлап, ағзасы әлсіреп, түрлі ауруларға төтеп беру қабілеті төмендейді. Менингит балаларға үйір. Аурудың бактериясы ауа арқылы таралады. Адам көп шоғырланатын жерде еркін дамып, ауаға тарайды. Сол ауамен тыныстаған адам міндетті түрде қоздырғыш бактерияны жұқтырады. Сөйтіп, ауру таратушыға айналады. Вирусты жұқтырған адамның 1 аптадан астам уақыт дене қызуы түспейді. Басы ауырады, құсады. Ал бір жасқа дейінгі балалардың іші өтуі де мүмкін. Былай қарағанда бұл белгілер тұмауға, ал балаларда тіс жаруға ұқсайды. Сондықтан көп адам ауруды үйде, өзіндік жолмен емдеймін деп асқындырып алады. Ақырында бармақ тістеп қалатын кездер аз емес,-дейді Бақтығали Аюбайұлы.
Емделу уақыты өтіп кеткен баланы аурудан айықтыру оңай шаруа емес. Көп жағдайда бала өліп кетеді. Ал кейде ми жасушалары қатты зақымданып, ақыл-есі дұрыс дамымай қалады.

Менингиттен қалай емдейді?
Медицинада қолданылатын әдіс бойынша, менингитті анықтау үшін ауырған адамның жұлынынан міндетті түрде су алынады. Әйтпесе, нақты диагноз қою мүмкін емес. Жұлыннан су алу, керісінше, аурудың бас ішіндегі қан қысымын төмендетеді. Егер науқас миқұрт болса, онда жұлыннан алынған су мөп-мөлдір болуы тиіс. Сол арқылы ем-дом тағайындалады. Бір апта антибиотиктермен емделгеннен кейін, екінші рет пункция жасайды, яғни жұлыннан сары су алынады.
Ауру дер кезінде анықталып, тиісті ем жасалса, жазылып кету мүмкіндігі 100 пайыз. Дәрігердің айтуынша, бұл аурумен ауырып, жазылғандар мұнымен қайта ауырмайды.

Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ