Суретші Асылхан Жәнібеков «Алма бақтың» әлемін таныстырды

636

«Алма бақтың алуан сыры». Күнгейлік қылқалам шебері Асылхан Жәнібеков осындай тақырыппен жұртшылыққа жаңа көрмесін таныстырды. Суреткер бұл топтамасында тек пейзаж емес, ондағы алма бақ пен тылсым құбылыстың тілдесуін ұсынған. Яғни, қоғамдағы бар жағдайды жұмыр жер-әлемнің сарынына сыйдырып, жаңа жанрдың тұсауын кесті.Мәдени шараға өнер иесінің қаламдастары мен әріптестері және жергілікті жұрт келіп, талғам-талантына таңдай қақты. Ал автор жан дүниесінің алма жемісі мен оның қасиет-құндылығына құнығуының құпиясын жасырған жоқ.

Асылхан Жәнібеков, суретші: «Алма бақ деп аталуының себебі – мен алма бақты жақсы көремін. Әсерлі көріністі көзбен көру үшін досымның бағына барып, тамсанатын кездерім көп. Кәсіби суретші ретінде әлемді алма арқылы көрсетуді ойладым. Ойым сәтті жүзеге асты. Ал еңбектерімді салуда майлы бояуларды қолданамын, сонда өзі де, мазмұны да анық байқалып тұрады».Айта өтейік, жастық шақ, уақыт пен сұлулықтың сырын сөйлеткен суретші айтулы жобаны жасап-жасақтау үшін бір емес, ондаған жылын сарп еткен. Қасқасу тау бөктерінің тумасы бүгінде дейін 200-ге тарта бояулы шығарманың авторы атанып үлгерген. 3 кескіндеме жұмысы ҚР Президентінің Резиденциясында сақтауға алынған. Ал бұл көрмеге 62 туындысын ұсынып отыр. Және «Бейнелеу өнері» мұржайында жайғасқан бұл көрменің ұсыным-мерзімі жерлестерімз үшін 30 күнге ұласады.