Әкімдер «атқа қонды»…

175

Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың тапсырмасына сай жаңадан тағайындалған әкімдер халықпен жүздесуді бастап кетті. Күні кеше қала әкімінің орынбасары — Н.Ергешбек және Қаратау ауданының әкімі Исамидин Кантураев аудан аумағындағы «Тұран» шағынауданының тұрғындарымен кездесті.

Тұрғындар қазіргі таңдағы ең өзекті болып отырған жол мәселесін қаузады. Бұдан бөлек, «Асар 2» шағынауданына да ат басын тіреді. Аудан тұрғындары мектеп, ауыз су, жол және өзге де маңызды мәселелерін жаңа әкімге жеткізді. Қала орталығынан шалғайда жатқан шағынаудан үшін қоғамдық көлік мәселесі түйінін тарқатуды қажет етеді.

Бұдан басқа да толып жатқан мәселелері жетерлік. Кездесу барысында әкім аталған мәселелердің алдағы уақытта оңтайлы шешімін табуы мақсатында құзырлы мекемелермен тиісті жұмыстар жүргізілетінін айтты. Және өзінің тікелей бақылауында болатындығын атап өтті. Тағайындалғанына 4 күн ғана болған әкімнің арыны жаман емес. «Жас келсе іске…» дерсіз. «Халқынына жақын болатын әкім» деуге әлі ертерек. Дегенмен аудан аумағындағы күрделі мәселелердің түйінін тарқатады деген үміт басым.