Халықаралық «KASKASU» суретшілер плэнері басталды

1960

Өңіріміздің тау-тасы мен даласын, тамаша табиғатын қылқалам шеберлері қағаз бетіне бейнелейді. Қасқасу шатқалына жиналған бейнелеу өнері шеберлері қылқалам ұшынан небір құдіретті туындыларымен сүйсінтпек. Суретшілердің халықаралық пленэрі жалғасып жатыр. Шабытын шыңдауға келгендерді күнгейліктер қалай қуана қарсы алды.

Күнгейдің таңдай қақтырар табиғатының сұлулығын шетелдік және отандық суретшілер қағаз бетіне түсіреді. Олар алдағы 5 күн бойына қазақ мәдениетінен сыр шертетін түрлі туындыларын ұсынбақ. «Қасқасу» халықаралық суретшілер плэнерінің ашылуы Төлеби ауданынан шыққан небір талант иелерін еске алумен басталды.

Недрет Яшар – Түркияның белгілі қылқалам шебері. Айтуынша ата жұртқа алғаш рет арнайы шақыртумен келген. Күнгейдің керемет табиғатына сүңгіп, айырықша туындылар шығаратынына сенімді.

Недрет Яшар, Түркиялық суретші: «Шақырту алған сәттен қатты уайымдадым. Алдын-ала ақпарлар жинадым. Дегенмен мың рет естігеннен бір рет көрген артық. Маған табиғаты керемет ұнады. Адамдарында жылулық басым. Өте қонақжай. Қазір табиғаты мен адамдарын танып-білуге тырысып жатырмын. Содан кейін осы жылулықты, ешқайда ұқсамайтын табиғатты қағаз бетіне түсіремін».

Плэнердің тағы бір мақсаты талантты қылқалам шеберлерінің кескіндеме саласы бойынша өзара тәжірибе алмасу. Әсіресе шетелдік суретшілер арқылы өңірлік туризмді дамытуға үлес қосу.

Болат Тұрғынбай, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері: «Мұндай плэнерде суретшілер бір-бірін танып-біледі. Шетелден келген суретшілер арқылы еліміздің табиғатын басқа елге таныстырып жатырмыз. Бұл өте керек. Осындай еңбектер арқылы еліміздің көркті жерлерін көрсетіп, келушілердің қызығушылығын оятамыз. Сондықтан туризм саласын дамытуға мұндай іс-шараның берері мол».

Іс-шара ашылып, түсіндірме жұмыстары жүргізілгеннен кейін суретшілер жұмыстарына крісті. Топ-топқа бөлінген қылқалам шеберлері табиғатқа еніп ерекше сұлулықты қағаз бетіне түсіруге асықты.

Айта кетейік, Түркістан өңірінің көз тартар тамаша табиғатынан нәр алған туындылардан 27 шілдеде арнайы көрме ұйымдастырылады. Көз жауын аларлық 100 туынды халық назарына ұсынылады деп жоспарланып отыр.